Елімізде төтенше жағдай жариялау алгоритмі қандай

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Елімізде қатты дауыл мен нөсер жауыннан соң да жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланып жатыр. Бұл салдарын жоюға арналған алғашқы қадам. Ақтөбе облыстық ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Ануар Ахметалин Kazinform тілшісіне ТЖ жариялау алгоритмі туралы айтып берді.

Фото: Kazinform/ИИ

Ақтөбе облысы Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелдіде қатты дауыл тұрып, нөсер жауын жауған кезде үй де, мектеп те, түрлі кәсіпкерлік нысан да шығынға ұшырады. Баспанасынан айырылған адамдар қазір мектеп-интернатты уақытша паналап отыр. Кейінгі жылдары су тасқыны кезінде ғана емес, өзге де табиғи апатта төтенше жағдай жариялана бастады. Сол себепті тосын жағдай кезіндегі алғашқы алгоритмді білдік. 

Қарауылкелдідегі төтенше жағдай 

Ақтөбе облыстық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Ануар Ахметалиннің айтуынша, айтып келмейтін табиғи апаттың ауқымы маңызды. Қарауылкелдіде үйлер, әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандары бүлінді. Тиісінше жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілді. 

— Ақтөбе облысы Байғанин ауданында сараптамалық қорытынды және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел деректері негізінде жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Шешімді аудан әкімі қабылдады. Себеп — жойқын дауыл. Салдарынан 271 нысан, оның ішінде 233 тұрғын үй, 14 әлеуметтік нысан және 24 кәсіпкерлік нысан зақымданып, биіктігі 47 метрлік ұялы байланыс мұнарасы құлады. Электр бағаналары да қирап, ауданның барлық елді мекенінде жарық беру тоқтатылды. Төтенше жағдай 9-шілде күні жарияланып, электрмен жабдықтау 12 шілде сағат 16:00–де толық қалпына келтірілді, — деді Ануар Ахметалин.

Фото: Алтынай Сағындықова /Kazinform

Алғашқы алгоритм

Ауа райы туралы мәлімет ТЖД мен жергілікті әкімдікке күн сайын түсіп отырады. Бұл ақпаратты Қазгидрометтің жергілікті жердегі филиалдары таратады. ТЖД дауылды ескерту алған соң халықты құлақтандыруы тиіс. 

— Ұялы байланыс операторлары арқылы жаппай SMS-хабарламалар жіберілді. Мәселен Қарауылкелдідегі 9-шілде күні дауыл болды. Мұнда 7-8 шілде күндері хабарлама жіберіледі. Сонымен бірге ТЖД мен аудан әкімдігінің ресми әлеуметтік желі парақшаларында, БАҚ-та хабарландыру жарияланады. Тек хабарлама емес, сақтық шарасы айтылады. Тағы бір айта кететін жайт, су тасқыны, өрт кезінде қауіп деңгейін алдын ала болжап, анықтауға болады. Дабыл жүйесі де іске қосылады. Ал дауылды ескертуде алда не болары белгісіз. Дауылдан кейін Байғанин аудандық төтенше жағдайлар бөлімі жанынан төтенше жағдайдың салдарын жою жөніндегі жедел штаб құрылды. Азаматтық қорғау қызметтерінің өзара іс-қимылы ұйымдастырылды және тәулік бойы жедел ақпаратты жинау мен талдау жүргізілді. Жедел штаб басшысы — аудан әкімі, штаб басшысының орынбасары — аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, — Ақтөбе облыстық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы А. Ахметалин. 

Штаб құрылған соң ТЖД бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдар, азаматтық қорғау қызметтері, коммуналдық кәсіпорындар, электрмен жабдықтау және байланыс мекемелері, денсаулық сақтау, полиция қызметі мен еріктілер бірігіп жұмыс істейді. Алдымен авариялық-құтқару жұмысы жүреді. Қарауылкелдіде қираған дүкен үйіндісінің астынан 6 адам, оның ішінде 3 кәмелетке толмаған бала құтқарылды.

Апаттық жағдайдағы тұрғын үйлерден 6 отбасы, яғни, 30 адам эвакуацияланды. Олар уақытша орналастыру пунктіне жеткізілді. Әрі қарай салдарын жою жұмыстары арқарылады. Азаматтық қорғау қызметтері мен еріктілер ұшқан шатырды, қираған ағашты жинап, тазалап, шығарады. Тек арнайы қызметшілер емес, тұрғындар да жұмылды. 

— Келесі қадам — залалды тексеру және бағалау. Зақымданған нысандарды тексеру үшін жергілікті атқарушы органдардан 6 жұмыс тобы құрылып, үй-үйді аралады, тексеру актісі толтырылды. Алғашында жалпы саны белгілі болып, үй мен ғимараттардың жарамдылығын нақты білу үшін тәуелсіз сарапшылар шақырылды. Олар ғимараттың техникалық жай-күйі мен келтірілген материалдық залал көлемі анықтап береді, — деді А. Ахметалин.

Табиғи сипаттағы апат кезінде құрылған жедел штаб алғашқы қадамды нақтыласа, одан кейін тек төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның отырысы өтеді. Мұнда қолда бар ақпарат сараланып, кезекті жұмыс нақтыланады.

Яғни табиғи апат кезінде 100-ден астам адам күнделікті өмір дағдысынан айырылса, ол жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай. Дәл осы кезде жедел штаб басшысы қызметін атқаратын аудан әкімі жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы ТЖ режимін енгізу туралы шешімге қол қояды. Мемлекеттік тіркеуден өтіп, ресми хабарлайды. 

Соңғы қадам — зардап шеккен азаматтарға мемлекеттік көмек көрсету үшін қажетті құжаттарды дайындау және бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіру. 

Видеодан алынған скрин

Жалпы елімізде төтенше жағдайдың бірнеше түрі бар. 

— Біріншіден, төтенше жағдай тіпті бір нысанда да жарияланады. Зауытта апат болса, обьектілік төтенше жағдай деп есептеледі. Екіншіден, қаза болған адам саны 10-нан асып, 50-ге жетпесе, 100-ден жоғары, бірақ 500-ден аспайтын адамның тіршілік әрекеті бұзылса жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай деп саналады. Байланыс үзілсе, жарық сөнсе, су берілмесе де осы санатқа кіреді. Материалдық шығыны — 15 000 — 100 000 АЕК аралығында. Үшіншіден, өңірлік төтенше жағдай. Бұл бір емес, екі облыста қатар қамтиды. Мәселен өрт бір облыста басталып, екінші өңірге жайылып кетсе төтенше жағдай тіркеледі. Төртіншеден, екі облыстан көп болса республикалық төтенше жағдай жарияланады. Қалпына келтіру жұмысы толық аяқталғаннан кейін ғана төтенше жағдай режимі жойылады. Мәселен Ақтөбе қаласы мен облыстың төрт ауданында 2024 жылғы су тасқыны кезінде жарияланған төтенше жағдай режимінің күші әлі жойылмады, — деді А. Ахметалин.

Талап бойынша әр әкімдіктің өз резерві болады. Төтенше жағдайдан кейінгі қалпына келтіру жұмысына қаржы дәл сол резервтен бөлінеді. 

— Табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың шығынын бағалау жұмысы аяқталған соң төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссиясы әкімнің шешімін, бағалау актісін, фото, видео дәлелдерді реттейді. Сол құжат облыстық төтенше жағдайлар департаментіне түседі. Департамент дұрыс-бұрыстығын тексеріп, қаржыландыру үшін облыстық қаржы басқармасына ұсыныс береді, — деді А. Ахметалин. 

Видеодан алынған скрин

Еске салсақ, қатты дауыл кезінде Қарауылкелді ауылында 254 тұрғын үй, 14 әлеуметтік нысан, 24 кәсіпкерлік субъектісі және 6 әкімшілік ғимарат зақымданған еді.