Орталық Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) супраұлттық референс-зертханаларымен бірлесіп, туберкулезді диагностикалаудың жаңа әдістерін меңгеріп, оларды еліміздің өңірлеріне енгізіп жатыр.
Бұл бағыттағы халықаралық әріптестік 2000 жылы басталған. Алғашында Қазақстанның Ұлттық референс-зертханасы Германияның Гаутинг қаласындағы ДДҰ-ның туберкулез жөніндегі зертханасымен жұмыс істеді. 2025 жылдан бастап ынтымақтастық Борстель зерттеу орталығы — Лейбниц өкпе зерттеу орталығымен жалғасты.
Әріптестік аясында өңірлік зертханаларға әдістемелік көмек көрсетіліп, зерттеу сапасы бағаланады. Сондай-ақ туберкулез қоздырғышының дәрілерге төзімділігін анықтайтын жаңа тәсілдер енгізіліп жатыр.
Соның бірі — туберкулез микобактерияларының бедаквилин, линезолид және клофазимин препараттарына сезімталдығын анықтау әдісі. Бұл дәрілер туберкулездің дәріге төзімді түрін емдеуде қолданылады.
Жаңа әдіс Ұлттық референс-зертханада сынақтан өткізіліп, бағаланғаннан кейін өңірлерге кезең-кезеңімен енгізілді. Зерттеу қорытындысы дәрігерлерге бактерияның қандай препараттарға төзімді екенін анықтап, соған сәйкес емдеу тәсілін таңдауға мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, дәріні ауыз арқылы қабылдауға негізделген қысқа мерзімді емдеу курстарын белгілеу кезінде маңызды.
Бұдан бөлек, Ұлттық референс-зертханада толық геномды секвенирлеу әдісі де іске қосылды. Ол туберкулез қоздырғышының генетикалық ерекшеліктерін зерттеп, дәріге төзімділікке әкелетін мутацияларды анықтауға мүмкіндік береді.
Еске салайық, бұған дейін елімізде туберкулезбен сырқаттанушылық 11 пайыз төмендегенін хабарлағанбыз.