Елімізде УЕФА стандарты бойынша салынған үшінші стадион ашылды
АСТАНА. KAZINFORM — Ербол Мырзабосынов Қызылорда қаласында 11 мың орындық көпсалалы стадионның салтанатты ашылуына қатысты. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі мәлім етті.
Іс-шараға сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров пен Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты. Спорт нысанының жалпы аумағы 20 мың шаршы метрден асады. Кешенде бокс, күрес, спорттық гимнастика, таеквондо, ауыр атлетикаға арналған залдар бар. Сонымен қатар орталықта ерекше қажеттілігі бар жандар үшін де қолайлы жағдай қарастырылған.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл жыл басынан бері еліміздің 14 өңірінде 32 спорт нысаны пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 70 нысанның құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. «Қайсар Арена» стадионы – Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асқан ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Бұл кешен ірі халықаралық жарыстар мен мәдени-спорттық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді, – деді Ербол Мырзабосынов.
Стадион УЕФА-ның 4-санатына толық сәйкес келеді. Футбол алаңы заманауи жасанды көгалмен жабдықталып, жарықтандыру жүйесі де УЕФА талаптарына сай жасалған. Айта кетейік, биыл қыркүйекте Түркістан қаласында Орталық Азияда теңдесі жоқ ескек есу арнасының құрылысы аяқталды. Мұнда халықаралық деңгейдегі жарыстарды қабылдауға толық мүмкіндік бар. Сондай-ақ жыл соңына дейін спорт колледжінен бастап докторантураға дейін үздіксіз білім беру жүйесін қамтамасыз ететін Ұлттық спорт университеті іске қосылады. Университет инфрақұрылымына стадион, жабық жеңіл атлетика манежі, олимпиадалық бассейн, спорт кешені, ғылыми-зерттеу және медициналық-оңалту орталықтары кіреді. Ел астанасында Қ. Мұңайтпасов атындағы жаңа стадион салынып жатыр.
Спорт нысаны 2026 жылы пайдалануға беріледі. Кешен жыл бойы оқу-жаттығу жұмыстарына арналған. 2024 жылғы деректерге сәйкес, елімізде халықтың 40%-дан астамы тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Халықтың спорт инфрақұрылымымен қамтылу деңгейі (әр 1000 адамға шаққанда) 55%-дан асқан. Алдағы жылдары отандастарымыздың саламатты өмір салтына қызығушылығын және заманауи спорт нысандарына сұранысын ескере отырып, бұл көрсеткішті 2029 жылға қарай 65%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Туризм және спорт министрлігінің футбол клубтарындағы легионерлерді қысқартуға шамасы жетпей отыр.