Елімізде ҮЕҰ-ға арналған сыйлықақыға өтінім қабылдау басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдарға арналған жыл сайынғы сыйлықақы беру байқауына өтінім қабылдау басталды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Байқау мақсаты — үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін нығайту және қоғамдық маңызы бар жобаларды іске асыруға ынталандыру үшін институционалдық қолдау көрсету.

Сыйлықақы әлеуметтік маңызы бар 16 сала бойынша беріледі. Бір салаға арналған сыйлықақы мөлшері — 2000 АЕК.

Кейінгі 9 жыл ішінде бұл сыйлықақы 558 үкіметтік емес ұйымға табысталды. Жыл сайын олардың қатарында аудандар мен ауылдық елді мекендердің дамуына үлес қосып жүрген 10-ға жуық ауылдық үкіметтік емес ұйым бар.

— Егер ұйымыңыз қоғамдық бастамаларды жүзеге асыруға белсенді қатысып, өз саласында нәтижелі жұмыс атқарып, әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге үлес қосып жүрсе, сіздерді үздік үкіметтік емес ұйымдарды анықтауға арналған байқауға қатысуға шақырамыз, — делінген хабарламада.

Өтінім қабылдау 2026 жылғы 1 қыркүйекте сағат 18:30–да (Астана уақытымен) аяқталады.

Байқауға қатысу талаптары туралы толық ақпаратты мына сілтеме арқылы білуге болады:

Қосымша ақпарат бойынша 8 (7172) 74-07-41, 74-09-97, 74-02-17 телефонына хабарласуға болады.

Еске сала кетейік, Қазақстанның Азаматтық альянсы ауылдық үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыруға және олардың тұрақты дамуына жағдай жасауға бағытталған «Ауылдағы азаматтық бастамаларды дамыту» жобасын жүзеге асырды.