Елімізде уран қорын ұлғайту үшін 6 учаскеде барлау жүргізіліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 1,4 трлн теңгеге жуық түсім алып, таза пайдасын 479 млрд теңгеге жеткізді. Сонымен қатар компания Қазақстанның уран саласындағы әлеуетін арттыру үшін алты учаскеде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Фото: Қазатомөнеркәсіп

- «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы жариялаған 9 айдағы қаржылық нәтижелерге сәйкес, шоғырландырылған түсім 1,4 трлн теңгеге жуықтап, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16%-ға өсті. Операциялық пайда 560 млрд теңгеден асты. Таза пайда шамамен 479 млрд теңгені құрады, - деп атап өтті компанияның баспасөз қызметінен.

Бұған дейін компания тоғыз айдың қорытындысы бойынша уран өндіру көлемі 20,5 мың тоннадан асқанын, ал сату көлемі 14 мың тоннаны құрағанын хабарлаған болатын. Екі көрсеткіш те өткен жылдың тоғыз айымен салыстырғанда 10%-ға өсті. 2026 жылға арналған өндірістік және қаржылық болжамды көрсеткіштер өзгеріссіз қалды.

Еске сала кетейік, қазан айында Қазатомөнеркәсіптің басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов Мемлекет басшысына Қазақстан халқына Жолдауында айтылған уранның мемлекеттік стратегиялық қорын құру бастамасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндаған болатын.

Ұлттық атом компаниясының басшысы атап өткендей, Қазатомөнеркәсіп осы бастаманы жүзеге асыруға негіз қалау үшін минералдық-шикізат базасын ұлғайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Қазіргі уақытта компания жалпы аумағы мың шаршы шақырымнан асатын 6 учаскеде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұдан бөлек, аумағы 124 шаршы шақырым болатын Қызылту атты жаңа перспективалы учаскеде барлау жұмыстарын бастау жоспарланған.

Бүгінде Қазақстан әлемдік уран өндірісінің шамамен 40%-ын қамтамасыз етіп, ірі өндіруші ел мәртебесін сақтап отыр. Атом энергетикасына деген қызығушылық артып отырған жағдайда ресурстық базаны кеңейту елдің әлемдік уран нарығындағы орнын сақтап қана қоймай, отандық атом энергетикасының ұзақ мерзімді қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін де стратегиялық маңызға ие.

Айта кетейік, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының Директорлар кеңесі кейінгі кадрлық өзгерістер мен компания басшылығы өкілдерінің бірінің сыбайлас жемқорлыққа қатысты айыптаулар бойынша ұсталуына байланысты мәлімдеме жасаған еді.