Елімізде үш туристік өңірде жаңа әуежай салынып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанда Кендірлі, Зайсан және Катонқарағайда жаңа әуежайлардың құрылысы жүріп жатыр. Бұл туралы Туризм индустриясы комитеті Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында хабарлады.

Фото: ҚР Көлік министрлігі

Комитет төрағасының орынбасары Айдын Қапашевтың айтуынша, бұл жобалар шалғай туристік бағыттарға қатынауды жеңілдетіп, ішкі туризмнің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

– Қазіргі таңда Кендірлі, Зайсан және Катонқарағайда жаңа әуежайлар бой көтеріп жатыр. Шалғай өңірлерге қатынайтын жолды едәуір жеңілдететін осы түйінді инфрақұрылым жобаларын 2026 жылы аяқтау көзделген, - деді спикер.

Оның атап өтуінше, ішкі туризмнің қолжетімділігін арттыру үшін бірқатар жүйелі шара іске асырылып жатыр. Соның бірі – Kids Go Free бағдарламасы.

– Жоба аясында отандық туроператорлардың турпакеттеріне кіретін 2–17 жас аралығындағы балалардың әуе билеттері субсидияланады. Бұл отбасылардың ел ішінде саяхаттау шығынын азайтуға мүмкіндік береді, - деді ол.

Сонымен қатар Маңғыстау және Щучье-Бурабай курорттық аймақтарын, сондай-ақ Алматы тау кластерін дамытудың кешенді жоспарлары бекітілген. Бұл жобалар туристік инфрақұрылымды жаңғыртуға, демалыс орындарының тартымдылығын арттыруға және өңірлерге келушілер санын көбейтуге бағытталған.

– Еліміздегі туристік бағыттардың сұранысқа ие болуына олардың қолжетімділігі де әсер етеді. Атап айтқанда, бағыттардың жақын орналасуы, тілдік кедергінің болмауы, билет бағасының салыстырмалы түрде қолжетімді болуы және қысқа мерзімді демалысты оңай жоспарлау мүмкіндігі азаматтардың ел ішінде саяхаттауына ықпал етіп отыр, - деді комитет төрағасының орынбасары.

Бұған қоса, емдік-сауықтыру, экотуризм, жағажай, белсенді және оқиғалы туризм сияқты туристік өнімдердің сан алуандығы демалысты түрлі санаттағы туристердің сұранысына сай ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Қазақстан Үкіметі әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, метро станцияларына, автовокзалдарға және мемлекеттік меншіктегі өзге де нысандарға атау беру қағидаларына өзгеріс енгізген еді.