Алаяқтар 12 миллиард теңгені қолды қылған
Бүгінде қоғам үшін өзекті мәселелердің бірі – интернет алаяқтық. Цифрландыру қарқын алған сайын қылмыстың бұл түрі көбейіп отыр. Заңгер Рауан Қалиевтің айтуынша, алаяқтардан көбіне жеке тұлғалар, соның ішінде егде жастағы азаматтар зардап шегеді.
– Қазақстанда интернет-алаяқтар азаматтардың 12 миллиард теңгеге жуық қаражатын жымқырған. Қылмыстардың басым бөлігі (99%-ға жуығы) электронды форматта, яғни ғаламтор мен байланыс арналары арқылы жасалған. Зардап шеккендердің басым бөлігі – жасы үлкен азаматтар, – деді заңгер.
Маман азаматтарды жеке мәліметтерін таратпауға, күмәнді сілтемелерді ашпауға және оңай табыс уәде ететін ұсыныстарға сақтықпен қарауға шақырды. Ал алаяқтыққа тап болған жағдайда дереу әрекет ету керек.
– Осындай жағдайға тап болғанда банкке хабарласу керек, сосын ІІМ өкіліне хабар беру қажет. Сонда қылмыстың ашылуы және ақшаңыздың қолыңызда қалуы мүмкін, – деді ол.
Интернет алаяқтықтың тағы бір салдары – азаматтардың атына заңсыз несие рәсімдеу. Осыған байланысты қаржы ұйымдарында биометриялық сәйкестендіру және өзге де қауіпсіздік тетіктері енгізіліп жатыр.
– Мемлекеттің «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жауапкершілік банк немесе қаржылық ұйымдарға тағылады. Бұл – елге жасалған қолдаудың бір бөлігі, – деді сарапшы.
Қоғамдық тәртіп қалай түзеліп жатыр?
Аталған қағида цифрлық кеңістікпен шектелмейді. Оның маңызды бағыты – қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау. Астана қаласы мәслихатының депутаты, «Жастар рухы» жастар қанатының Астана қаласы бойынша өкілі Арсланбек Мағзұмның айтуынша, құқық бұзушылықтың алдын алуда түсіндіру жұмыстарына басымдық беріліп жатыр.
– Астана қаласын алсақ, елорданың 90 пайызында бейнекамералар орнатылған. Алайда, өкінішке қарай заң бұзушылықтар орын алып жатады. Мұндай жағдайда біз алдымен түсіндірме жұмыстарына мән береміз. Бұдан бөлек, жасармен кездесулерді жиі өткіземіз, – деді ол.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде вандализммен күрес те маңызды. Жыл басынан бері елордада 100-ге жуық адам вандализм дерегі бойынша полицияға жеткізілген.
– Вандализм бойынша алдымен келтірілген зиян есептеледі. 2 млн халық бар жерде бұл статистика норманың аясында деп ойлаймын. Бірақ әрбір құқық бұзушылық жасаған адам тиісті жазасын алу керек, – деді спикер.
«Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» акциялары аясында вандализмнің алдын алуға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы ретте жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру да құқық бұзушылықтың алдын алудың маңызды тетігі саналады. Еріктілік, спорттық және қоғамдық шаралар жастарды пайдалы іске тартуға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік желідегі әдеп
Әлеуметтік желідегі жауапкершілік те күн тәртібіндегі маңызды мәселе. Заңгер Бауыржан Айымбетовтің айтуынша, интернетте жарияланған ақпараттың құқықтық салдары болуы мүмкін.
– Желіде діни, ұлттық араздықты қоздыратын ақпаратты, қорлау, күш көрсету, жалған ақпараттарды жариялауға болмайды. Өте сақ болу керек. «Жеке парақшам, не салсам да өзім білемін» деуден аулақ болу керек, – деді заңгер.
Сарапшы заң аясында пікір білдіруге мүмкіндік бар екенін, алайда өзге адамның ар-намысы мен құқығына нұқсан келтіруге жол берілмейтінін атап өтті.
– Жеке басқа өтуге жол жоқ. Бұдан бөлек, расталмаған ақпараттарды репост жасаудың, таратудың да жауапкершілігі бар. Бірінші кезекте ресми органдардың ақпаратын қарау қажет, – деді ол.
Бұл талаптар жеке деректер мен адамның бейнесін пайдалануға да қатысты. Қоғамдық іс-шараларда түсірілген материалдарға қойылатын талап бөлек болғанымен, кез келген жағдайда адамның жеке құқығы мен деректерін қорғау маңызды. Әсіресе балаларға қатысты ақпаратты жарияларда сақтық қажет.
Цифрлық кеңістіктегі жауапкершілік жаңа заңнамалық тетіктермен де күшейіп келеді. Цифрлық кодекс пен жасанды интеллектке қатысты заңдар интернеттегі құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Бұл ретте полиция мен ІІМ тарапынан профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Халықаралы тәжірибе де ескерілуде.
– Әрбір саладан кез келген елдің кейсін алуға болады. Соның ішінде Еуропаның құқықтық тетіктері жақсы жұмыс істейтініне мән беру керек, – деді ол.
Жабық чаттардағы контент те жауапкершіліктен тыс қалмайды. Аз ғана адам қарайтын жабық топтағы ақпараттың өзі заң тұрғысынан қоғамдық кеңістік ретінде бағалануы мүмкін.
– Мұндай жерлер жабық чат секілді. Бірақ оны 5-10 адам қараса да бұқара қарады деп есептеледі, – деді ол.
Киберқауіпсіздік: цифрлық ізді ұмытпау керек
Азаматтардың цифрлық сауаты мен қауіпсіздік дағдылары да маңызды. Киберқауіпсіздік маманы Гүлдана Жұматайдың айтуынша, қазір алаяқтар техникалық әдістермен қатар адамның психологиясын пайдаланатын әлеуметтік инженерия тәсілдеріне жүгінеді.
– Әлеуметтік инженерия, фишинг кең тарап жатыр. Бірақ бүгінде хакерлертехника арқылы емес, психологиялық соққы жасап, жеке ақпаратты ала алады. Мұны әлеуметтік инженерия деп атаймыз. Ал фишингті балық аулаумен салыстыруға болады, – деді ол.
Маман қоғамдық Wi-Fi желілерін пайдаланудың қаупі бар екенін ескертті. Сондықтан қажет жағдайда VPN қолдану, аккаунттарға екі факторлы аутентификация орнату және әр сервисте әртүрлі күрделі құпия сөз пайдалану маңызды.
Құпия сөзді баланың есімі, туған күні немесе әлеуметтік желіде ашық тұрған басқа мәліметтермен байланыстыруға болмайды. Сол сияқты демалысқа кеткенін алдын ала жариялау да қауіп төндіруі мүмкін.
– «Үйде ешкім жоқ, демалыстамын» деп жар салуға болмайды. Демалыстан соң ғана жариялау керек. Бұл – ұрыларға сигнал, – деді спикер.
Жалпы, ғаламторға шыққан ақпараттың толық жоғалуы қиын. Өшірілген фотосуреттер мен жазбалар архивтерде сақталуы мүмкін. Мұндай деректер адамның цифрлық ізін қалыптастырады. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидаты тек заң талаптарын орындаумен шектелмей, әр азаматтың қоғамдық және цифрлық ортадағы жауапкершілігін талап етеді.
Айта кетейік, елімізде «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру жөніндегі комиссия құрылды.