Елімізде жасыл энергетиканы дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанда энергия жинақтау жүйелері туралы заң жобасы қаралып, ұзақ мерзімді перспективаға арналған жасыл энергетиканы дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы «Go Net Zero – Орталық Азия және Каспий» бизнес-саммиті аясында Энергетика министрлігінің Жаңартылатын энергия көздері департаментінің директоры Тұрар Әлімжан мәлімдеді.

Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Саммит барысында өңірдің энергетика саласын декарбонизациялау, яғни өндіру мен өңдеуден бастап электр энергиясын өндіру мен беруге дейінгі бағыттардың перспективалары талқыланды.

Энергетика министрлігінің атынан құттықтау сөз сөйлеген Тұрар Әлімжан өңір елдерін ортақ тарих пен мәдени байланыстар ғана емес, ортақ энергетикалық жүйелер, су ресурстары және тұрақты даму алдындағы ортақ жауапкершілік біріктіретінін атап өтті.

Қазіргі таңда өңір энергетика саласында түбегейлі трансформация кезеңінен өтіп жатыр.

Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан жаңартылатын энергия көздері, энергия жинақтау жүйелері және төмен көміртекті технологиялар өнеркәсіптік егемендіктің негізіне айналатын жаңа энергетикалық модельді қалыптастыру бағытында күш-жігерін үйлестіріп келеді.

Өңірлік күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – бәсекеге қабілеттілікті және аса маңызды инфрақұрылымға бақылауды сақтай отырып, тұрақты әрі тәуелсіз энергетикалық жүйені қалыптастыру. Бұл үшін энергетикалық желілерді жаңғырту, энергия жинақтау жүйелерін енгізу, реттеуші тетіктерді жетілдіру, сондай-ақ халықаралық климаттық стандарттармен тәсілдерді үйлестіру қажет.

Саммит барысында Орталық Азия – Әзербайжан – Еуропа «жасыл» энергетика дәлізін дамытуға ерекше назар аударылды. Аталған жоба практикалық іске асыру кезеңіне өтіп, өңірлік энергетикалық ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының бірі ретінде қарастырылып отыр.

Қазақстан жаңартылатын энергетиканың әлеуетін жүйелі түрде арттырып келеді. Электр энергетикасы саласын 2035 жылға дейін дамыту жөніндегі бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, жалпы белгіленген қуаты кемінде 8,4 ГВт болатын жаңартылатын энергия көздері объектілерін іске асыру жоспарланған.

-Біз бұл мақсатқа жүйелі түрде қадам басып келеміз. Энергия жинақтау жүйелері туралы заң қазір қаралуда және бұл – біздің стратегиялық басымдықтарымыздың бірі. Сонымен қатар ұзақ мерзімді перспективаға арналған жасыл энергетиканы дамыту тұжырымдамасы әзірлену үстінде, – деп атап өтті Тұрар Әлімжан.

Оның айтуынша, төмен көміртекті энергетиканы одан әрі дамыту өңір елдерінің күш-жігерін шоғырландыруды, тәжірибе алмасуды және келісілген тәсілдерді қалыптастыруды талап етеді.

Осыған дейін Қазақстанның Кореядан жасанды интеллект пен «жасыл» энергетикаға инвестиция тартатыны туралы жаздық.