Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Роллан Құспанның айтуынша, «Zhas project» жобасы жастарға қоғамға пайдалы кез келген идеяларды іске асыруда қолдау көрсетеді. Бағдарлама жас ұрпақты тұрғылықты жерлердегі әлеуметтік-экономикалық өмірге тартуға,
шалғайдағы елді мекендерге басымдық беруге бағытталған.
«Жоба еліміздің барлық өңірінде іске асырылады. Құжаттар 9-22 қазан аралығында қабылданады. Осы орайда 18 жастан 35 жасқа дейiнгi жастарға қолдау жасалады», - деді Р. Құспан Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Жоба аясында жыл сайын 280 шағын грант бөлінеді. Бір адамға арналған грант сомасы 1 миллион теңгеге дейін болады. Өтінімдер қабылданатын интернет-ресурстар туралы ақпаратты cisc.kz сайтынан, сондай-ақ Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан алуға болады.
«Бұдан бөлек, министрлік жүзеге асырып жатқан тағы бір жоба «Тәуелсіздік ұрпақтары» деп аталады. 2021 жылдан бастап Мемлекет басшысының бастамасымен жыл сайын жастарға 3 млн теңгеге дейінгі сомада «ғылым», «мәдениет», «ақпараттық технологиялар», «бизнес» және «медиа» бағыттары бойынша «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты табысталып келеді. Осы орайда 14 жастан 35 жасқа дейінгі жас азаматтар үміткер бола алады. Биыл 26 қыркүйектен бастап бұл грант бойынша конкурсқа өтінімдер қабылдау басталды және осы іс-шара екі айға жалғасады», - деді комитет өкілі.
Конкурс туралы толық ақпаратпен Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайтында, сондай-ақ ведомствоның әлеуметтік желілердегі парақшаларында танысуға болады.