Елімізде жыл сайын 300 адам ағза донорына қолы жетпей қайтыс болады

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Трансплантациялау мен жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директорының міндетін атқарушы Назгүл Жангелдина қазақстандық науқастар үшін ағза донорлығының дамуы қаншалықты маңызды екенін айтты. 

– Бүгінде Қазақстанда күту парағында 4 384 пациент, олардың ішінде 121 бала тұр. Пациенттердің басым бөлігі – бүйрек трансплантациясын қажет ететіндер, 91% солардың үлесінде. 222 пациентке бауыр, 149 науқасқа жүрек, 27 адамға өкпе, 6 адамға өкпе-жүрек кешенін ауыстыру керек. Жыл сайын трансплантация кезегін күткен 300-ден астам адам, өмірден озады, - деді орталық басшысы.

Ресми дерек бойынша, елімізде 2012 жылдан бері 3 200-ден астам ағза трансплантациясы жасалған.

– Олардың негізгі бөлігі тірі донорлардан жасалған оталарға тиесілі. 2023 жылдан бастап консервацияланған мөлдір қабықты трансплантациялау енгізілді. 308 ауыстырып салу операциясы жасалды. Алайда, бүкіл жүйенің дамуы ең алдымен қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа тікелей байланысты болып отыр, - деді маман.

Бұған дейін Назгүл Жангелдина елімізде 10 мың адам ғана донор болуға келіскенін мәлімдеген еді.