Елімізде жылжымалы мобильді бригадалар құрылады
Премьер-Министр Әлихан Смайылов жол қауіпсіздігін қамтуда бірқатар мәселені көтеріп, құзырлы органдарға міндет жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өңір әкімдіктері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бейнебақылау камераларының санын көбейту бойынша қосымша шаралар қабылдауы тиіс. Автожолдар бойында мал жаюға қатысты елді мекен тұрғындарымен жұмысты күшейту керек. Төтенше жағдайлар министрлігі тасжолдарда медициналық-құтқару бекеттерін дамытып, оның ішінде жылжымалы мобильді бригадалар құру бойынша шара қабылдауы тиіс», - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы Ішкі істер министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрліктері мен әкімдіктерге жол қозғалысы ережелері мен қауіпсіздік туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін айтты.
Одан бөлек, Әлихан Смайылов заңсыз тасымалдайтын қалааралық такси қызметінің жұмысын сынға алды.
«Көлік министрлігі «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесіп, жекеменшік таксидің, әсіресе қалааралық бағыттардағы такси қызметін реттеу жөнінде қосымша шаралар қабылдауы қажет. Дәл осы тасымалдаушылар көбінесе жол жүру ережелерін елемейді, оның салдары жол апатына себеп болады. Сондай-ақ, көлік құралдарын техникалық тексеруден өткізу сапасын тиімді бақылау механизмін әзірлеу қажет», - дейді ол.