Елімізде жолдардың жағдайын ЖИ болжап отыратын болады

АСТАНА. KAZINFORM – «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК бас директоры Серік Имашев екі ай бұрын іске қосылған және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, Жол активтері сапасының ұлттық орталығы және «ҚазжолҒЗИ» АҚ-ның 12 салалық дерекқорын біріктірген E-Joldar бірыңғай цифрлық жүйесінің жұмысы туралы баяндады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Ақтау қаласы әкімдігі

Платформа жолдардың жай-күйін, пайдаланылатын материалдардың сапасын және жөндеу шығындарын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Бұл жол жобаларын жобалау мен салудан бастап жөндеу мен ағымдағы пайдалануға дейінгі барлық кезеңдерде түпкілікті бақылауды қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар жүйе жол төсемінің ағымдағы жағдайын тіркеп қана қоймайды, сонымен қатар ЖИ көмегімен жөндеу қажеттігін болжайды. Ол сондай-ақ жөндеу тарихын және азаматтардың жеке учаскелер бойынша өтініштерінің санын ескереді, проблемалық учаскелерді алдын-ала анықтай отырып, жол желісінің жай-күйінің жалпы көрінісін қалыптастырады.

Осы мәліметтер негізінде жөндеудің оңтайлы мерзімі анықталады, бұл ақауларды уақытылы жоюға және кейінгі жөндеу жұмыстарының қымбаттауына жол бермейді.

Бүгінде республикалық маңызы бар 41 мың шақырымнан астам жол цифрландырылды. Жыл соңына дейін еліміздегі жалпы ұзындығы 185 мың шақырым болатын жол желісін цифрлық мониторингпен қамту жоспарланып отыр.

– Жүйе мердігерлік ұйымдар мен қолданылатын материалдар туралы мәліметтерді қоса алғанда, нақты уақыттағы жол жобаларын жүзеге асырудың толық мониторингін қамтамасыз етеді. Платформа аясында салада пайдаланылатын карьерлер мен асфальтбетон зауыттарына 100% цифрландыру жүргізілді. Қазіргі уақытта сапаны бақылау, ғылым және құрылыс жұмыстары бағыттары бойынша 11 сервис жұмыс істейді, — деді Серік Имашев.

Сондай-ақ жол саласын цифрландыру шеңберінде автоматтандырылған өлшеу жүйелерінің (АӨЖ) санын 80-нен 220-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл жол жабынының тозуын болдырмайды.

Елімізде жолдардың жай-күйін бағалау үшін жасанды интеллект технологиялары бар жол зертханалары енгізіліп жатыр.

«ҚазжолҒЗИ» АҚ жетекші маманы Данияр Зәкіржан көлік инфрақұрылымын кешенді бағалау және қозғалыс қауіпсіздігін арттыру үшін жасанды интеллект технологиялары бар жылжымалы жол зертханаларын енгізу туралы айтты. Кешен жол төсемінің геометриялық параметрлері мен техникалық жай-күйі туралы деректерді жинауды автоматтандыруға мүмкіндік береді.

— Жылжымалы жол зертханасы жолдарды сканерлеп, олардың техникалық сипаттамаларын анықтайды. Одан кейін жасанды интеллект жүйесі жол жабынының жай-күйі туралы есеп қалыптастырады. Кешен жол белгілері мен жол таңбаларын тіркеуге арналған үш камерамен, жабынның тегістігін бақылайтын ультрадыбыстық датчиктермен, сондай-ақ ақауларды анықтауға арналған лазерлік сканерлеу жүйесі бар артқы камерамен жабдықталған, — деді Данияр Зәкіржан.

Олжас Бектенов көлік саласының трансформациясын тексергенін жазған едік.