Ведомство қыркүйек айынан бастап ЖРВИ, тұмау және COVID-19 бойынша сырқаттанушылыққа апта сайын мониторинг жүргізіп келеді.
Қыркүйек айының басынан бері елде 51 937 ЖРВИ жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 1,8 есеге төмен. Бүгінгі таңда тұмау жағдайлары тіркелген жоқ.
COVID-19 бойынша да сырқаттанушылық төмендеген. 2026 жылдың басынан бері коронавирус инфекциясының 87 жағдайы анықталды. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,3 есеге аз.
– COVID-19 басқа да маусымдық респираторлық вирустармен қатар айналымда жүр. Бұл ретте Қазақстанда бұрын белгісіз болған жаңа вирустар анықталған жоқ, – делінген министрлік хабарламасында.
Денсаулық сақтау министрлігі күз мезгілінде респираторлық инфекциялардың таралуы дәстүрлі түрде күшейетінін еске салды. Осыған байланысты елдегі эпидемиологиялық жағдайға апта сайынғы мониторинг жалғасады.
Мамандар ЖРВИ, тұмау және басқа да респираторлық инфекциялардан қорғану үшін үй-жайларды үнемі желдетіп, қолды жиі жуып, жеке гигиена талаптарын сақтауға кеңес береді. Сондай-ақ ауру белгілері бар адамдармен жақын қарым-қатынастан аулақ болып, сырқаттанушылық жоғары кезеңде адам көп жиналатын орындарға баруды шектеген жөн.
Жөтелгенде немесе түшкіргенде ауыз бен мұрынды майлықпен немесе шынтақтың бүгілген жерімен жабу ұсынылады. Дене қызуы көтеріліп, жөтел, тамақ ауруы және басқа да белгілер байқалса, үйде қалып, дер кезінде медициналық көмекке жүгіну қажет.
Айта кетейік, Ақтөбеде ЖРВИ жұқтырғандардың көбі балалар.