Кімдер қатыса алады?
Субсидияланатын жұмыс орындарын мансап орталықтары жұмыс берушілердің өтініші негізінде ұйымдастырады. Мұндай жұмыс орындарын ашуға коммерциялық заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, шаруа және фермер қожалықтары, әлеуметтік кәсіпкерлер, мемлекеттік мекемелер, олардың ведомстволары мен бағынысты ұйымдары өтініш бере алады. Сондай-ақ дауыс беретін акцияларының немесе жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің 50 және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар да қатыса алады. Үкіметтік емес ұйымдар, олардың филиалдары мен өкілдіктері де бұл тізімде бар.
Бұл ретте жұмыс берушілердің әр санатына қойылатын талаптар мен жұмыс орындарының саны әртүрлі. Яғни барлық жұмыс берушіге бірдей талап қолданылмайды, олардың қызмет түрі мен мәртебесіне қарай жеке тәртіп белгіленген.
Сонымен бірге жұмыс берушінің ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, барлығына ортақ бірқатар талап бар. Олар кемінде 12 айдан бері жұмыс істеп келе жатқан болуы керек. Сондай-ақ ол банкроттық рәсімінде болмауы, экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы заң талаптарын сақтауы және бұған дейін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары аясында жасалған шарттарды тиісінше орындауы қажет.
Бұдан бөлек, жан басына шаққандағы мемлекеттік тапсырыс бағдарламалары, инфрақұрылымдық мемлекеттік сатып алулар немесе арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету аясында бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдарда субсидияланатын жұмыс орындары ашылмайды.
Бұл талап бір шығынның мемлекеттік бюджеттен екі рет қаржыландырылуына жол бермеу үшін енгізілген. Яғни мемлекет қаржысы бір жұмыс орнына немесе бір шығынға бірнеше бағдарлама арқылы қайталанып жұмсалмауға тиіс. Осы арқылы бюджет қаражатын тиімді әрі мақсатты пайдалану көзделеді.
Субсидияланатын жұмыс орындарының саны жұмыс берушінің санатына байланысты белгіленеді.
Үкіметтік емес ұйымдар үшін республикалық маңызы бар қалаларда 1-ден 10-ға дейін, ал өңірлерде 1-ден 5-ке дейін субсидияланатын жұмыс орнын ұйымдастыруға болады. Бұл ретте үкіметтік емес ұйымдар Үкіметтік емес ұйымдардың ресми дерекқорында тіркелген болуы қажет.
Коммерциялық ұйымдар, жеке кәсіпкерлер, шаруа немесе фермер қожалықтары және әлеуметтік кәсіпкерлер үшін 1-ден 5-ке дейін субсидияланатын жұмыс орны қарастырылған.
Бұл санатқа жататын жұмыс берушілердің жалақы бойынша қарызы болмауға тиіс. Олар соңғы 12 айда әлеуметтік төлемдерді тұрақты аударып келген болуы керек. Сонымен бірге бағдарламаның алдыңғы кезеңдеріне қатысқан азаматтарды тұрақты жұмысқа қабылдауы қажет.
Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін де 1-ден 5-ке дейін субсидияланатын жұмыс орны қарастырылған.
Ал ауылдық әкімдіктер мен коммуналдық кәсіпорындарға қатысты бөлек тәртіп қолданылады. Олар үшін субсидияланатын жұмыс орындарының саны ауылдағы халықтың санына қарай белгіленеді. Мұндай жұмыс орындарының саны ауыл тұрғындарының жалпы санының 2 пайызынан 5 пайызына дейін болуы мүмкін.
Барлық рәсім электронды түрде жүргізіледі
Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастырудағы негізгі өзгерістердің бірі – осы процестің толық цифрландырылуы. Енді жұмыс берушілерді іріктеу, азаматтарды ашылған жұмыс орындарына жолдау және қажетті құжаттарды тексеру электронды форматта жүзеге асырылады. Бұл жұмыстар Электрондық еңбек биржасы арқылы іске асады.
Рәсімдерді цифрландыру қағаз құжаттарға деген қажеттілікті азайтып, өтініштерді тезірек қарауға жол ашады. Сонымен қатар процестің ашықтығын арттырып, шешім қабылдаудағы адами факторды барынша шектеуге мүмкіндік береді.
Осылайша, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастырудың жаңартылған тәртібі жұмыс берушілерге қойылатын нақты талаптарды, олардың санатына қарай сараланған тәсілді және негізгі рәсімдерді толық цифрландыруды көздейді.
Бұл өзгерістер субсидияланатын жұмыс орындарын нақты қажеттілікке қарай бөлуге, жұмыс берушілер мен бағдарламаға қатысушылар үшін рәсімдердің ашықтығын арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік бюджет қаражатын тиімді әрі мақсатты пайдалануға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, елімізде 50 жастан асқан азаматтарды жұмыспен қамтуға арналған «Күміс жас» жобасы жалғасып жатыр. Жыл басынан бері жобаға 9,2 мыңнан аса адам қатысқан. Бұл биылғы жоспардың 92%-дан астамы орындалғанын көрсетеді.