Елімізде жұмыспен қамтылғандар саны 73 мың адамға артты

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайыз болды. Осы кезеңде ел экономикасының түрлі саласында 9,4 млн адам еңбек етті, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы.

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Халықтың жұмыспен қамтылуын іріктеп зерттеу деректеріне сәйкес, жұмыс күшінің саны 9 млн 849 мың адамға жетті. Оның 9 млн 403,4 мыңы жұмыспен қамтылған.

Жұмыспен қамтылғандардың 7 млн 247,7 мыңы немесе 77,1 пайызы – жалдамалы қызметкерлер. Ал 2 млн 155,7 мың адам немесе 22,9 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.

15 және одан жоғары жастағы халық арасындағы жұмыспен қамту деңгейі 64,3 пайызды құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жұмыспен қамтылғандар саны 73,3 мың адамға артқан. Бұл өсім негізінен жалдамалы қызметкерлер есебінен қамтамасыз етілді.

Жұмыспен қамтылғандардың басым бөлігі сауда саласында еңбек етеді. Бұл саладағы қызметкерлердің үлесі 16,8 пайызды құрады. Білім беру саласында – 13,3 пайыз, өнеркәсіпте – 12,6 пайыз, ауыл шаруашылығында 10,5 пайыз адам жұмыс істейді.

Сонымен қатар жұмыс істемейтін, білім алмайтын және кәсіби даярлықтан өтпейтін NEET жастарының үлесі 5,6 пайыз болды. 15–34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,9 пайызды құрады.

-Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 2026 жылғы қыркүйектің соңында 346,9 мың жұмыссыз ресми тіркелген. Тіркелген жұмыссыздардың үлесі жұмыс күшінің 3,5 пайызына тең,-делінген хабарламада.

Осыған дейін елімізде жұмыспен қамту шараларына тартылған АӘК алушылар саны 5 жылда 2 еседен астам азайғаны туралы жаздық.