Елімізде зиянды түтін шығаратын көліктер камера арқылы анықталмақ

Фото: Фото: Александр Павский/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде зиянды түтін шығаратын көліктерді камера арқылы анықтайтын пилоттық жоба енгізілмекші. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы, полиция полковнигі Мұрат Иманбаев айтты.

«Алматы қаласында пилоттық жоба аясында көліктерден зиянды түтіннің шығуын анықтайтын камералар сынақтан өтіп жатыр», - деп қысқа қайырды Мұрат Иманбаев журналистің сұрағына жауап бере келе ОКҚ алаңында. 

Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев әзірге бұл жоба туралы айту ертерек екенін, осы пилоттық жоба өткеннен кейін белгілі болатын нәтижелерге қарай шешім қабылданатынын атап өтті. 

«Экологиялық ахуалға байланысты бұл мәселені де қарастыру жөн (көліктерден шығатын зиянды түтінді камера арқылы анықтау – ред.) деп есептейміз», - деді комитет басшысы. 

Сондай-ақ Қайсар Сұлтанбаев бұл бастама пилоттық жоба ретінде енді қосылатынын, әзірге тек сынақтан өткізіліп жатқанын атап өтті. Ал жоба нақты қай кезде іске қосылатынын айтпады. 

Айта кетейік, елімізде «Жасырын патруль» жүйесі енгізіліп жатыр. 

Сондай-ақ, бұдан былай адам тасымалымен тек жеке тасымалдаушы ретінде тіркелген тұлғалар ғана айналыса алатын болады. 

Одан бөлек, арнайы тану белгісін тақпаған электромобиль жүргізушілеріне қанша сомада айыппұл салынатынын жазған едік.