Еліміздегі 3 өңірдің су энергетикалық әлеуеті зерттеледі

Фото: Фото: Ғалымжан Қараманұлы/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM - Су электр станцияларын салу үшін Қазақстанның үш өңірінің су энергетикалық әлеуеті зерттелмек. Консультациялық қызметтерді Азия даму банкі қаржыландырады. Қазақстанның энергетика министрі Лондонда қаржы институтының өкілдерімен кездесіп, осы туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Ертіс-Зайсан, Алакөл және Балқаш бассейндерінің су энергетикалық әлеуеті зор. Ол өңірлерде шағын және орта су электр станцияларын салу жоспарланып отыр. Құрылыстың сапалы жүргізілуі үшін алдымен сараптамалық талдау қажет.

“Су станцияларының құрылысы таза электр энергиясын өндіру үшін маңызды. Бұдан бөлек суды үнемдеу, тіршілік көзімен қамтамасыз етудегі көмегі көп,” - деді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Жобаны жүзеге асыруға Азия даму банкі арнайы грант қарастырып отыр. Атап айтқанда әлеуетті учаскелерді зерттеуге, қаржы-экономикалық моделін жасауға және тарифтер бойынша есептеулер жүргізуге қаражат бөлмек.

“Азия даму банкі 2060-жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат еткен Қазақстан үкіметінің өршіл жоспарын жоғары бағалайды. Басқа да жобаларды жүзеге асыруға көмектесуге ынталымыз,” - деді Азия даму банкі кеңсесінің аға директоры Фумико Кававаки.

Қуаты 600 МВт-тық су электр станциясын салу бойынша алғашқы аукционға қазақстандық және халықаралық инвесторлар тартылмақ. Банктің грантын бөлу шарасы ашық әрі әділ өтетіндіктен қатысушылар тарапынан сұраныс көп болады деп үміттенеді ұйымдастырушылар.