Дәрігердің айтуынша, семіздікті тек жалқаулықпен байланыстыру дұрыс емес. Себебі бұл ағзадағы күрделі өзгерістердің, яғни асқынулардың белгісі болуы мүмкін.
— Семіздік тамақтанудың бұзылуы ғана емес, генетикалық тұқым қуалаушылықпен байланысты. Генетика — код болса, эпигенетика оны өзгертуге мүмкіндік беретін дүние. Ол стресске бейімделу, тамақтануды дұрыстаумен келеді. Мұны реттеуге болады, — дейді ол.
Маманның пікірінше, артық салмақтың қалыптасуына тек биологиялық емес, өмір салты факторлары да тікелей әсер етеді. Соның ішінде дұрыс қалыптаспаған тамақтану мәдениеті маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар гормоналдық өзгерістердің де әсері бар, алайда оның үлесі шамамен 5 пайыз ғана. Бұдан бөлек, инсулинге төзімділік те қауіп факторларының қатарына жатады.
Маман стресстің де салмақ қосуға ықпал ететінін ерекше атап өтті.
— Психологиялық стресс жиі тамақтануға итермелеуі мүмкін. Мұндай сәтте адам өзін тамақпен жұбата бастайды, — дейді спикер.
Эндокринолог соңғы жылдары балалар арасында семіздіктің белең алуы алаңдатарлық үрдіске айналғанын айтты. Сонымен қатар висцеральді семіздік, яғни ішкі ағзалардың айналасына май жиналуы жиі кездесетін мәселе болып отыр.
— Бұл — ішкі органдардың арасында майдың жиналуы. Ұйқы безінің, бауырдың, жүрекасты майының басуы. Соның ішінде бауырды май басу қауіп төндіреді. Себебі ол ағзада сүзгі рөлін атқарады, — дейді ол.
Босанғаннан кейінгі салмақ мәселесіне тоқталған маман бұл кезеңде әйел ағзасындағы гормоналдық және психологиялық өзгерістердің әсері зор екенін атап өтті.
— Босанған әйелдің ұйқысы бұзылады, әрдайым стрессте болады. Ұйқыны дұрыстау керек. Ұйқы гормонының инсулинмен байланысы бар, — дейді дәрігер.
Маманның айтуынша, тез салмақ тастауға ұмтылу да денсаулыққа зиян болуы мүмкін.
— Кейінгі жылдары арықтау тақырыбында жаңа трендтер пайда болды. Мәселен, Ozempiс, Мунджаро, пептидтер бүгінде көпшілікке белгілі. Негізі бұл қант диабетін емдеуге арналған дәрілік зат. Бірақ қазіргі уақытта ол сиқырлы құрал ретінде танымал болып кетті. Ол инсулинді, тәбетті тежейді. Алайда бұл әдісте салмақ бұлшық етпен тасталады, сосын тері салбырайды, май қалады. Дәріні қабылдауды тоқтатқанда шамамен 4 айдың көлемінде салмақ орнына қайта келеді, — деп ескертті дәрігер.
Сондай-ақ маман спортпен айналысу барысында ағзаның жағдайын ескеруге шақырды.
— Мысалы, денеде дефицит болса, ферритин төмен болса, ағза одан сайын стресске түседі. Бірінші жетіспеушіліктерді толтырып, ұйқыны дұрыстап, спортқа таңертеңгі уақытта бару керек. Ол үшін алдымен маман кеңесіне жүгіну маңызды, — деді ол.
Еске салайық, елімізде денсаулыққа қауіпті жағдайларды көрсететін карта іске қосылды.