Еліміздегі барлық асфальтбетон зауытын аттестаттаудан өткізіп жатыр

Фото: Фото: Көлік министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Көлік министрлігінің тапсырмасы бойынша «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК еліміздегі барлық асфальтбетон зауыттарын аттестаттаудан өткізіп жатыр. 

Қазір республикада тіркелген 414 АБЗ-нің 332-сі (80%) инспекциядан өтті.

Атап айтқанда, ЖАСҰО инспекторлары Астана және Шымкент қалаларында, Жетісу, Алматы, Қостанай, Атырау, Павлодар облыстарындағы зауыттарды зерттеді.

— Асфальтбетон зауыттары мен зертханалардың жарақтандырылуы қолданыстағы нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкестігі, сапа қызметіне сәйкес штат құрамының болуы, материалдардың, конструкциялар мен бұйымдардың кіріс бақылауының, оның ішінде жол-құрылыс материалдарын сақтау және тасымалдау қағидаларының сақталуы, сапаны бақылауды қамтамасыз ету жөніндегі технологиялық регламенттерді тексерілді, — делінген Көлік министрлігі хабарламасында.

Аттестаттау жұмыстары одан әрі жалғасады. Оның мақсаты-жол материалдарының жоғары сапасын қамтамасыз ету, өндірушілердің жауапкершілігін арттыру және сол арқылы Қазақстандағы автомобиль жолдарының жай-күйі мен ұзақ мерзімге шыдамдылығын жақсартуға ықпал ету. Қазір, жолшылар күшейтілген режимде жұмыс істеп жүр. Айдың соңына дейін қалған 82 АБЗ-ға бағалау жасайды.