Еліміздегі бес университет алғаш рет әлемнің үздік жоғары оқу орындары қатарына қосылды

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздегі 20 университет QS World University Rankings 2026 тізіміне енді, ал бес университет алғаш рет Times Higher Education рейтингінде үздік оқу орындары қатарына қосылды.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметінше, бүгінде елімізде АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Германия, Франция, Оңтүстік Корея, Ресей және басқа да мемлекеттердің жетекші білім беру жүйелерін ұсынатын 33 шетелдік университеттің филиалы жұмыс істейді.

Халықаралық академиялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мақсатында заңнамалық база жетілдіріліп жатыр. Қабылданған заңнамалық өзгерістер шетелдік университеттердің филиалдарын ашу рәсімін жеңілдетіп, олардың қызметіне қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейді, мемлекеттік бақылау тетіктерін күшейтеді және сонымен қатар Қазақстанға әлемнің жетекші университеттерін тартуға қолайлы жағдай жасайды. Сонымен бірге Қазақстан тарихы мен қазақ тілін оқытуды қамтитын ұлттық білім беру компонентін сақтау міндетті талап болып қала береді.

Сонымен қатар қазақстандық университеттердің халықаралық кеңістіктегі қатысу аясы да кеңейіп келеді. Соңғы жылдары отандық жоғары оқу орындарының филиалдары Қырғызстанда, Өзбекстанда, Тәжікстанда және Ресей Федерациясында ашылды. Бұл қазақстандық жоғары білімнің халықаралық деңгейде ілгерілеуіне, академиялық байланыстардың нығаюына және өңірдегі ортақ білім беру кеңістігінің қалыптасуына ықпал етеді.

Бірлескен білім беру бағдарламаларының желісі де қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда қазақстандық университеттердің жартысынан астамы әлемнің 24 еліндегі 131 шетелдік университетпен бірлесіп қос дипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады. Соның жарқын мысалдарының бірі – Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Аризона университеті арасындағы ынтымақтастық.

2026 жылы қос диплом бағдарламасы бойынша білім алған алғашқы түлектер оқуын аяқтап, бұл халықаралық университеттік серіктестікті дамытудағы маңызды кезеңге айналды.

Отандық жоғары білімнің сапасы халықаралық деңгейде де жоғары бағаланып жатыр.

Қазақстандық университеттер беделді әлемдік рейтингтердегі өз позицияларын тұрақты түрде нығайтып келеді. QS World University Rankings 2026 рейтингіне еліміздің 20 жоғары оқу орны енсе, Times Higher Education 2026 рейтингінде алғаш рет Қазақстанның бірден бес университеті әлемнің үздік жоғары оқу орындарының қатарына қосылды. Ал Nazarbayev University әлемнің үздік 500 университетінің қатарына еніп, қазақстандық жоғары білімнің халықаралық аренадағы беделінің артып келе жатқанын айқын көрсетті.

Алматыда университеттер арасындағы тұңғыш FIDE әлем чемпионаты өтетінін жазған болатынбыз.