Еліміздегі ең үздік жұмысшылар анықталады
АСТАНА. KAZINFORM – «Еңбек жолы» байқауы жалғасып жатыр. Қазір «Үздік еңбек әулеті», «Өндірістің үздік жас маманы», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациялары бойынша 60 жеңімпаз анықталған.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын ұйымдастыратын бұл конкурстың өңірлік кезеңі шілде айында аяқталған. Енді олар республикалық кезеңде өз өңірлерінің намысын қорғамақ.
– «Еңбек жолы» байқауы 2014 жылдан бастап жыл сайын ұйымдастырылады. Жобаның басты мақсаты – жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру және еліміздегі жұмысшы мамандардың еңбегі қаншалықты маңызды екенін, экономикамыздағы рөлін көрсету. Бұл байқауды жергілікті атқарушы органдар мен біздің министрлік бірігіп ұйымдастырып жатыр. Жарыс алдымен өңірлерде, кейін республикалық деңгейде өтеді. Өңірлер арасындағы бәсеке жыл сайын қыркүйек-желтоқсан айларында болады, - дейді ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің басқарма басшысы «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында.
Ұлжан Қалимұратқызы қандай жұмысшылар жеңімпаз атана алатынын айтты.
– Ең алғашқы номинацияға 20 жылдан астам еңбек тәжірибесі бар, бір кәсіппен айналысатын әулеттердің арасынан іріктеледі. Республика бойынша мұндай әулеттер өте көп. Мәселен, теміржолшылар, өз кәсібімен айналысатын жұмыскерлер. Оларға «Үздік еңбек әулеті» номинациясы беріледі. Екінші, 15-20 жыл аралығында белгілі бір салада жұмыс істеп, өзінен кейінгі жас мамандарға өз тәлімін көрсетіп, болашақ білікті мамандарды дайындауға көп үлес қосқан жұмыскерлер арасында сайыс болады. Оларға «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы табысталады. Және «Өндірістің үздік жас маманы» да анықталады, - дейді министрлік өкілі.
Басқарма басшысы биылғы байқаудың ерекшелігіне тоқталды.
– Биыл «Еңбек жолы» байқауы ерекше аталып өткелі жатыр. Себебі Президент бұл жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Біздің конкурсымыз жұмысшы мамандардың мәртебесін көтеруге де тікелей ықпал етеді. Мысалы, биыл байқауымызды «Еңбек күніне» байланыстырып, Қарағанды облысы, Теміртау қаласында өткізуді жоспарлап отырмыз. Себебі, Теміртау нағыз өндірістің отаны, - дейді Ұлжан Қалимұратқызы.
Ал республикалық байқаудың жеңімпаздары желтоқсан айына дейін анықталады.
– Республикалық байқаудың нәтижесі қараша айының соңында немесе желтоқсан айының басында белгілі болады. Биыл 505 азаматтан өтінім түсті. Оның 51-ін таңдап аламыз. Олардың 9-на мемлекеттік награда беріледі. Қалғандарына сертификат табыстаймыз. Байқау жыл сайын ұйымдастырылғандықтан, биыл іріктеуден өтпеген отбасыларға келесі жылы көбірек мүмкіндік береміз, - дейді басқарма басшысы.
Айта кетейік, Түркістан облысындағы Кентау қаласында жұмысшы мамандарды даярлайтын бірегей оқу орны бар.