Үкіметтің №894 қаулысы былтыр 24 қазанда қабылданып, мемлекеттік нысандарды «бәсекелестік ортаға беру» жөніндегі іс-шаралар іске асырыла бастады. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл - жекешелендіру. Алайда бұдан кім ұтып, кім ұтылмақ?
Ресми құжатқа сәйкес Қазақстан бойынша мемлекет меншігіндегі 212 нысан 2030 жылға дейін бәсекелестік ортаға өтуі тиіс. Оның ішінде СҚО-дан үш нысан бар. Олар: биыл жекешелендірілуі тиіс облыстық стоматологиялық емхана, 2028 жылға жоспарланған «Айыртау-Коммун-Сервис» кәсіпорны және 2030 жылға жоспарланған Петропавл қалалық әкімдігіне қарайтын «Коммунхоз» кәсіпорны.
Бұдан бөлек ел бойынша 22 нысан сенімгерлік басқаруға берілмек. Қосылу немесе бірігу арқылы қайта ұйымдастырылатын коммуналдық меншіктегі ұйымдардың тізімі де жарияланды, 159 нысан – негізінен ветеринариялық станциялар. Тағы 20 нысан толық жойылады.
Балалар стоматологиясы жекеменшікке өтсе не болады?
Жеті өңірде сақталып қалған бұл емханалар жыл сайын мыңдаған балаға тегін қызмет көрсетеді. Әлеуметтік осал топтарға қолжетімді ем ұсынады, туа біткен жақ-бет патологиясы бар балаларды емдейді және оңалтады.
Солтүстік Қазақстан облысындағы мемлекеттік стоматологиялық емхана 40 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Емдеу мекемесі жылына 65-70 мың балаға қызмет көрсетеді.
- Облыс бойынша іштен туа біткен ақауы бар балаларды диспансерлік есепке алып, емдеп-сауықтырамыз, отаға дайындаймыз. 2024-25 жылдары ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілді. Емхана қажетті заманауи құрылғылармен толық жабдықталды. Бұл - өңірдегі балаларға көрсетілетін стоматологиялық көмектің негізгі орталығы, - дейді облыстық стоматологиялық емхана директорының орынбасары Елена Алишева.
Емхана демалыс күндері де, мерекеде де сырқаттарды қабылдауға әзір. Ал жекеменшік стоматологиялық клиникалар, керісінше, мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істеуге әрдайым қызығушылық таныта бермейді.
Шығынға емес, пайдаға жұмыс істейді
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мамандарының мәліметінше, бұл стоматологиялардың қарызы жоқ, керісінше пайда тауып отыр.
- Атырау облысында мемлекеттік стоматология жергілікті бюджетке жылына 150 млн теңгеден астам табыс әкеледі. 80 мыңнан астам балаға тегін қызмет көрсетеді. Шығыс Қазақстан облысында да жағдай ұқсас - мекеме тиімді жұмыс істеп тұр, - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі амбулаториялық-емханалық көмек басқармасының бас сарапшысы Ақсай Хабидуллаев.
Қарама-қайшы шешімдер
Қазір Министрлік мемлекеттік стоматологияларды жекешелендіру рәсімін тоқтата тұру мәселесін пысықтап жатыр. Ведомство балалар стоматологиясын әлеуметтік саясаттың стратегиялық маңызды бағыты ретінде қарастырады.
- Үкімет қаулысы бекітіліп, оның аясында мемлекеттік стоматологияларды бәсекелестік ортаға беру жөніндегі іс-шаралар жүзеге асырылмақ. Алайда бұл мәселе Денсаулық сақтау министрлігімен келісілмеген. Қазіргі уақытта стоматологиялық ұйымдарды бұл тізімнен шығару туралы Премьер-Министрдің атына хат дайындалып жатыр, - деп жауап берді министрлік өкілі.
Бір қызығы, биыл қаңтар айында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жекеменшік денсаулық сақтау ұйымдарын қаржыландыру тетіктерін қайта қарау жөнінде жоспар бекіткен. Бұл жоспардың бір бағыты - денсаулық сақтау жүйесінде мемлекеттік ұйымдардың рөлін қайта күшейту. Осыған байланысты ересектер мен балаларға стоматологиялық көмек көрсету үшін мемлекеттік стоматологиялық орталықтарды қайта ашу және қайтару тетігін әзірлеу қарастырылған. Сала мамандарының айтуынша, қолда бар тиімді жұмыс істеп тұрған мекемелерді жабу, кейін оларды қайта ашу үшін қосымша қаражат жұмсау - экономикалық тұрғыдан да, әлеуметтік жағынан да қисынсыз шешім.
СҚО әкімдігі Үкіметтің қаулысы негізінде мемлекеттік стоматологиялық емхананы жекешелендіру жөніндегі құжаттарға қол қойды. Жоспар бойынша маусым айында нысанды саудаға шығаруға дайындық жұмысы басталады. Ал нақты сауда қыркүйек-қараша айларында өтпек.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі ел аумағы бойынша стоматологиялық клиникаларға жоспардан тыс тексерулер жүргізіп жатқанын, жалпы 400-ге жуық клиника тексеріліп, 56 стоматологиялық клиника лицензиясын ерікті түрде қайтарғанын жаздық.