Оңтүстік өңірлердің тұрғындары көлік дөңгелегін ауыстыруға міндетті ме

ТАРАЗ. KAZINFORM – Қазақстанның оңтүстігінде күн қыста да жылы болып тұрады. Қар да аз жауады. Kazinform агенттігінің тілшісі «Бұл аймақтарда көлік дөңгелегін ауыстырмай-ақ жүруге бола ма?» деген сұрақтың жауабын іздеді.

Фото: Алексей Поляков

Александра Буркинаның Таразда көлік жүргізіп жүргеніне біраз болды. Ол 10 жылдық тәжірибесі бар жүргізуші. Мұнда қар жауғанымен, әп сәтте еріп кетіп жатады. 

Фото: Алексей Поляков

- Мен өте сақ жүргізушімін. Қар жауған кезде көлікті үйде қалдырамын. Қаншалықты мықты тәжірибелі жүргізуші болсаң да, асфальтта қар жатса, ол қауіпті деп айтар едім. Жолда жазғы дөңгелекпен жүйткіп жүретін өзге біреу табылады ғой. Ал мен өз көлігімді жақсы көремін, сондықтан тәуекелге барғым келмейді. Өзім жыл сайын қараша айының соңында көліктің дөңгелегін ауыстырамын. Бірақ көлік көктемге дейін гаражда тұрады. Әрі қарай дөңгелекті қайта ауыстыру керек болады. Сөйтіп менің қысқы дөңгелектерім жаңа күйінде қалады, - деп күлді ол.

Кедендік одақтың техникалық регламентіне сәйкес 1 желтоқсаннан бастап қысқы дөңгелекке ауыстыру міндеттеледі. Заң талаптары бойынша қыс аяқталғанша көлік дөңгелектері талапқа сай бұдырлы болуы тиіс. Полиция қызметкерлері бұл талап орындалмаса 5 АЕК (18 460 теңге), жыл ішінде қайталанса 20 АЕК (73 840 теңге) көлемінде айыппұл салынатынын ескертті. 

Фото: Алексей Поляков

Бірақ үнемі бұлай болмады. Техникалық регламент 2011 жылы бекітілді. Тек 2015 жылдың 1 қаңтарында ғана күшіне еніп, Кедендік одаққа кіретін елдер, соның ішінде Қазақстанда да міндеттелді. Оған дейін жүргізушілер қай уақытта алмастыру керегін өзі шешті. Тіпті алмастырмай-ақ жүре беруі де мүмкін еді. Ал заңда көрсетілген уақыт бәріне бірдей сай келмейді. Себебі еліміздің солтүстігінде қыс ұзаққа созылатыны белгілі.

- Таулы аймақты есепке алмағанда бізде қар 2-3 рет қана жауады. Көлік дөңгелегін ауыстырудың не қажеті бар? Жылы күні қысқы дөңгелекпен жүрсек, тез тозып кетеді. 1 желтоқсанға қарай жергілікті техникалық қызмет көрсету орталығы байып шыға келеді. Себебі жүргізушілер үшін күні бұрын ауыстырудың мәні жоқ. Қарапайым жеңіл көліктің дөңгелегін ауыстыру 5-7 мың теңге тұрады. Ал үлкен көліктерге қызмет көрсету құны қымбаттау. Жолды қар басқанша жазғы дөңгелекпен жүруге рұқсат берсе ғой бізге,- деді тұрғын Руслан Ахметшин.

Қазақстанның өзге өңірлерімен қатар еліміздің оңтүстіктігінде де бір ғана ереже бекіген. Заң бәріне ортақ. Яғни, аймақтарға қарамастан бәрі тең. Полиция қызметкерлері көлік дөңгелігін ғана ауыстыру жеткіліксіз деп отыр.  

Фото: Алексей Поляков

- Көлік жүргізетін адам жолда сақ болуы тиіс. Ауа райы құбылмалы болып тұрған кезде соған орай бейімделіп, кез келген сәтте тоқтай алатын жылдымдықпен жүруі қажет. Сонымен бірге қауіпті маневр жасамауы керек. Мәселен, ол кезде қарсы бағыттағы жолға шығу да қауіпті болады. Күн боран, тұман қалың болса, алыс жолға шықпаған абзал. Сол кезде жол-көлік апатының алдын алуға болады, - деді Жамбыл облыстық полиция департаменті әкімшілік Полиция басқармасының бастығы Николай Сон.

Еліміздің оңтүстігіндегі ауа райы қалыпты деген түсінік — иллюзия. Мұнда климат жылы, алайда ауа райы аяқ астынан өзгеруі мүмкін. Тіпті қар еріп жатқанның өзінде түнде қатып, көктайғаққа ұласуы ықтимал. Бұл – жүргізушілер үшін қауіпті шақ.

Қысқы дөңгелектер салқын мен тайғақ күні өз міндетін қалыпты атқарады. Күндіз жылы, түнде аяз күшейгенде жазғы және қысқы дөңгелектердің айырмашылығы бірден білінеді. 

Фото: Алексей Поляков

- Қазіргі талаптар өте жұмсақ деп айтар едім. Қыс ерте келіп, көктем кеш шығуы мүмкін. 1 желтоқсан мен 1 наурыз аралығы деген талап жүргізушілерді тәртіпке салатын ереже ғой. Мен өмір бойы көлік жүргізіп келемін. Қараша айының басы мен орта тұсына қарай қысқы дөңгелекке ауыстыру керек деп есептеймін. Ал біздің адамдар 30 қарашаға дейін жүріп алады. Сөйтіп сол күні ұзынсонар кезек түзіледі. Ал күн әбден жылынғанда ғана жазғы дөңгелекке ауыстырған жөн, - деді жолда 40 жылдық тәжірибесі бар маман, «Қазақстан жүргізушілері федерациясы» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиал жетекшісі Амантай Досмахамбетұлы.

Маманның айтуынша, ауа температурасы 4-7 ℃ болған кезде жазғы дөңгелек резеңкесі қатты бола түседі. Мұндайда жолда көлікті тоқтату қиындайды.

- Күн жылы, бірақ көлікке жайлы емес. Егер күндіз жылы болса, кешке міндетті түнде қатып қалады. Жолда қар болмаған күннің өзінде дөңгелек резеңкесі қатып, тайғанақ болады. Тағы бір нәрсені есте сақтаған дұрыс. Сіз үнемі қала ішінде жүрмейсіз. Аяқ астынан кешкілік ауылға жолға шығу қажет болады. Ол кезде не істейсіз? 1980 жылдардың соңы мен 1990 жылдардың басында адамдар қысқы шина іздеді. Өте қат болды, табу қиын еді. Сол кезде де адамдар өз қауіпсіздігі үшін іздеп, тапты. Ал қазір бәрі базарда тұр. Ал да қолдан, - деді жүргізуші.

Қысқы дөңгелектердің резеңкесі жұмсақ келеді. Демек аязды күні қатып қалмайды. Бұзырлары да шығыңқы, көлік тоқтағанда тайғанамайды. Сөйтіп жүргізушілер жолдағы суда, қарда, балшықта еш іркілмейді. Керісінше жеңіл жүріп, оңай қозғалады.

Егер Тараздағы ауа райына тоқталсақ, қыста термометр бағамы үнемі нөлді көрсетіп тұрады. Ал биыл желтоқсанда ауа температурасы -3,1 °C болды. Демек жауын-шашынға қарамастан еліміздің оңтүстік өңірлерінде де қысқы дөңгелекке ауыстыру керек.

Бұған дейін Шымкент тұрғындары қыста әбігерге түскенін жазған едік.