Темір жолдарды жөндеу жұмыстары 96% аяқталды – Көлік министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Осы маусымда темір жол көлігімен тасымалдау сапасын арттыру үшін 1400 шақырымға жуық темір жол жөндеуден өтті.Бүгінгі таңда 1352 шақырым жол жөнделіп, 96% жұмыс аяқталды. Бұл туралы Көлік министрлігінің теміржол және су көлігі комитеті хабарлады.

Фото: Көлік министрлігі

Мәселен, еліміздің барлық өңірлерін қамтитын жұмыстардың басым бөлігі мына учаскелерде жасалды:

Ақтоғай-Семей-Алтай (153 ш/қ);
Шу-Қандыағаш (266 ш/қ);
Қандыағаш-Ақсарай (138 ш/қ);
Астана-Алматы (260 ш/қ);
Алматы-Павлодар (106 ш/қ);
Жаңа-Есіл-Көкшетау 161 шақырым және т.б.

Жалпы, темір жолдардың 569 шақырымы күрделі жөндеуден, 181 шақырымы кешенді жөндеуден және 602 шақырымы жоспарлы - алдын ала жөндеуден өтті. Елдің солтүстігінде маусым аяқталды, оңтүстік өңірлердің жұмысы әлі де жүргізілуде.

«2025 жылы тағы 1480 шақырым теміржолды жөндеу жоспарлануда»,-делінген хабарламада.

Осыған дейін халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарға «KAZ» және «KZ» геокодтары берілгені туралы жаздық.