Еліміздегі скринингтік зерттеулер: салада қандай өзгерістер жоспарланған

Фото: Freepik

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан азаматтары профилактикалық медициналық қарап-тексеруден және скринингтік зерттеулерден өтуге міндетті. Бұл ретте, скринингпен қамту деңгейі қалай? Бұл сұраққа Денсаулық сақтау министрлігі жауап берді. 

— Қазір скринингтік зерттеулерді жүргізу тәртібі ҚР ДСМ 2020 жылғы 30 қазандағы «Скринингтік зерттеулерге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ осы қарап-тексерулерді өткізудің қағидаларын, көлемі мен кезеңділігін бекіту туралы» бұйрығымен бекітілген. Бұйрыққа сәйкес елімізде халықтың нысаналы топтарының арасында 9 аурудың түрлері бойынша: артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, глаукома, үш түрлі обыр (сүт безі, жатыр мойны, тоқ ішек), мидағы қанайналымның бұзылуын және В, С вирусты гепатитін ерте анықтау бойынша скринингтік зерттеулер жүргізіледі. Зерттеулер скринингтің түріне байланысты 4 жылда бір немесе 2 жылда бір рет 40 пен 76 жас аралығындағы (жатыр мойны обырын ерте анықтау 30 бен 76 жас аралығында) халықтың арасында жүргізіледі, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жалпы скринингтік зерттеулермен халықтың нысаналы топтарының (жоспардан) 50 пайыздан артық қамтылған: артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы — 56,4%; қант диабеті — 53,6%; глаукома — 55,1%; сүт безі обыры — 56,5%; жатыр мойны обыры — 56,1%; колоректальды обыры — 56,8%; В және С вирусты гепатитттері — 49,1%.

Атап айтқанда, скринингтік зерттеулер нәтижесінде жиі анықталатын аурулар — жатыр мойны обыры (15%), артериялық гипертензия және жүректің ишемиялық ауруы (5,5%).

— Өз кезегінде, медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында министрлік скринингтік зерттеулерді жетілдіру бағытында бірқатар шараны жүзеге асырып жатыр. Біріншіден, скринингтік зерттеулер жүргізетін аурулардың тізімі кеңейтілді. Енді, ерлер арасында мидың қанайналымының бұзылуы ауруының өршуі ерте анықтау үшін скринингтік зерттеулер жүргізіледі. Екіншіден, 2025 жылғы қыркүйек айынан бастап онкологиялық ауруларды ерте анықтау үшін скринингтік зерттеулер МӘМС пакетінен ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдірілген көлемі) тізіміне ауыстырылды. Бұл ретте, халықтың нысаналы топтары онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған скринингтерді «сақтандырылған» немесе «сақтандырылмаған» дәрежесіне қарамай, тегін өте алады. Осы бастама халықты онкологиялық скринингтерінен өтуін жеңілдетуге бағытталған, — деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

Бұдан басқа, қазіргі кезде артериялық гипертензияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін, глаукоманы ерте анықтау бойынша скринингтік зерттеулерді толықтай ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдірілген көлемі) тізіміне ауыстыру жұмыстары атқарылып жатыр.

Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарды жыл сайын скринингтік тексеруден өтуге шақырады