Еліміздегі жұмыс берушілер көбіне қандай мамандарды іздейді

АСТАНА. KAZINFORM- 2026 жылдың тоғыз айында жұмыс іздеушілер Enbek.kz электронды еңбек биржасына 1,2 миллионға жуық түйіндеме орналастырған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2%-ға көп.

Фото: KAZINFORM/ЖИ

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жұмыс берушілер көбіне медбикелерді, автокөлік жүргізушілерін, тәрбиешілерді, математика мұғалімдерін, бухгалтерлерді және аспаздарды іздеген.

Бос жұмыс орындарының басым бөлігі орта деңгейдегі біліктілігі бар мамандарға арналған. Олардың үлесі – 42,1%. Жоғары білікті мамандарға арналған жұмыс орындары 32,7%-ды, ал арнайы біліктілікті қажет етпейтін жұмыстар 25,2%-ды құрайды.

Сондай-ақ жоғары білікті мамандардың ішінде әлеуметтік педагогтер мен мектеп психологтарына да сұраныс бар.

Айта кетейік, enbek.kz электронды еңбек биржасы жұмыс іздеушілерге түйіндемесін орналастырып, өзіне лайықты жұмыс табуға мүмкіндік береді. Ал жұмыс берушілер платформа арқылы бос жұмыс орындарын ұсынып, қойылатын кәсіби талаптарға сәйкес келетін мамандарды іріктей алады.

-Электронды еңбек биржасы жұмыс іздеу мен қызметкерлерді іріктеу үдерістерін бір цифрлық платформада біріктіреді. Пайдаланушылар өз талаптарына сәйкес іздеу параметрлерін белгілеп, еліміздің түрлі өңірлеріндегі еңбек нарығындағы ұсыныстармен таныса алады. Жұмыс мүмкіндіктерін қарастыру және түйіндеме орналастыру үшін Enbek.kz платформасын пайдалануға болады,-делінген хабарламада.

Қай мамандық иесі қанша жалақы алатыны туралы мына материалдан оқыңыздар.