«Осы жылдың 11 айында отандық әуе компаниялары 12 млн 300 мың жолаушы тасымалдады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 23 пайызға жоғары. Жыл қорытындысы бойынша аталған көрсеткішті 13 млн-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Әуежайларда қызмет көрсету көлемі 25 пайызға артып, 24 млн жолаушыны құрады. Айтарлықтай өсім Алматы және Астана әуежайларында байқалады. Оларда биыл тиісінше рекордтық 9 млн және 7 млн жолаушыға қызмет көрсетілді. Сондай-ақ, әуежайларда өңделген жүк көлемі де ұлғайып, жыл басынан бері көрсеткіш 130 мың тоннаны құрады, яғни, өсім — 16 пайыз», — деді Марат Қарабаев.
Оның атап өтуінше, әуе тасымалына өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін әуежай инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Алдағы жылдың наурыз айында Шымкент, мамыр айында Қызылорда және маусым айында Алматы қалаларындағы жаңа әуежай жолаушылар терминалдарының құрылысы аяқталады. Аталған жұмыстарға 150 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тартылды.
«Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде Алматы қаласы әуежайының өткізу қабілеті — 5 есе, Қызылорда әуежайы — 6 есе және Шымкент 7 есе ұлғаятын болады. Келесі жылы Біріккен Араб Әмірліктерінің инвесторы астаналық әуежайдың ұшу-қону жолағын өз қаражаты есебінен реконструкциялауға кіріседі. Бұл жаңа басқарушы компанияның алдына қойылған бірінші кезектегі міндеттердің бірісаналады. Сондай-ақ, 2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Павлодар қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын және Балқаш қаласы әуежайының перроны мен рульдеу жолағын реконструкциялау бойынша жұмыстар басталады», — деді министр.