«Су тасқыны кезеңінде халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдардың учаскелерінде 169 су басу жағдайы тіркелді. Мұның салдарынан 11 өңірде жол жиектері мен жол төсемдерінің шайылуы (ұзындығы 33 км), сондай-ақ «Самара - Шымкент» (1132 км) және «Қандыағаш - Шалқар - Ырғыз» автожолдарында 4 көпірдің зақымдануы тіркелді. Сонымен қатар, елді мекендерді су басуға жол бермеу үшін Қарағанды, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы автожолдардың 9 учаскесінде жол төсемін мәжбүрлі түрде бұзу жүргізілді. Автожолдардың барлық учаскелерінде еріген қар суы деңгейінің төмендеуіне қарай автокөлік құралдарының қауіпсіз және үздіксіз өтуі қамтамасыз етілді», - делінген Көлік министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Автожолдар мен жол нысандарының зақымдалған учаскелерін қалпына келтіру үшін сәуір айынан бастап биылға бөлінген қаражатпен жол жөндеу жұмыстары басталды. Мәселен, қазір су тасқыны салдарын жою бойынша жұмыстар 89 учаскедегі аяқталды, 10 учаскеде жұмыстар жалғасып жатыр, ал 20 учаскеде қалпына келтіру жұмыстар жоспарланған.
«Жергілікті маңызы бар автожолдарда 10 өңір бойынша 273 учаскеде бұзылған жерлері бар. Автожолдардың ең көп зардап шеккен учаскелері Батыс Қазақстан (65 учаске), Қарағанды (39 учаске), Ақтөбе (39 учаске) және Ақмола (38 учаске) облыстарында тіркелген. Көлік қатынасын қамтамасыз ету үшін 269 учаскеде қозғалыс қалпына келтірілді. Бұл тұрғыда Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарында көлік қозғалысы толық қамтамасыз етілді. Ақмола облысында бір учаске бойынша көлік қатынасын қалпына келтіру жұмыстары атқарылып жатыр. Ал Атырау мен Ақтөбе облыстарындағы 3 учаскеде жұмыстар еріген судың деңгейі төмендегеннен кейін басталады. Қазіргі кезде облыс әкімдіктері қажет жұмыс түрлерін (реконструкциялау, күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу) айқындай отырып, құжаттамаларды әзірлеу бойынша тиісті жұмыстарды жүзеге асырып жатыр», - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.
Еске салсақ, бір апта бұрын Атырау-Орал трассасынан Индерборға бұрылатын 7 шақырым жолды тасқын су шайып кетті.