Қазақстанның делегациясы «Seamless Travel in Practice» («Іс жүзіндегі кедергісіз саяхат») сессиясында спикер ретінде сөз сөйлеп, автоматтандырылған шекаралық бақылауды практикалық енгізу нәтижелері, рәсімдерді жеделдету үшін биометриялық технологияларды қолдану, сондай-ақ заманауи цифрлық шешімдерді мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграциялау тәсілдері туралы презентация жасады.
Іс-шараға ИКАО Кеңесінің Президенті Тошиюки Онума, 70 ел мен 7 халықаралық ұйым, сондай-ақ авиация индустриясының халықаралық компанияларынан 600-ден астам делегат қатысты.
Еліміздің атынан іс-шараға Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов және Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің рәсімдерді оңайлату, жолаушылар мен жүктерге қызмет көрсету департаментінің директоры – бас авиациялық инспектор Всеволод Ким қатысты.
Бұл сессияда Румыния, Сингапур мен Хорватия, сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) өкілдері өздерінің практикалық тәжірибелерімен бөлісті.
Талқылау барысында шекаралық бақылаудан кедергісіз өтудің жаңа тұжырымдамаларына, байланыссыз технологияларға, жолаушыларды цифрлық сәйкестендіруге және заманауи шешімдерді ұлттық шекараларды басқару жүйелеріне интеграциялауға назар аударылды.
Қауіпсіздік, рәсімдерді оңайлату, дербес деректерді қорғау және жолаушыларға қолайлылық арасындағы оңтайлы теңгерімді қамтамасыз етуге, сондай-ақ енгізіліп жатқан жүйелердің ICAO стандарттары мен ұсынылатын практикасына сәйкес халықаралық үйлесімділігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді.
Симпозиум барысында халықаралық авиациялық қоғамдастықтың өкілдері еліміз азаматтық авиациясының даму серпінін және халықаралық стандарттарды енгізу, саланы цифрландыру және жолаушыларға қызмет көрсетудің заманауи технологияларын дамыту бағытындағы жүйелі жұмысын атап өтті.
Қазақстандық мамандардың ИКАО-ның халықаралық алаңдарында спикерлер мен сарапшылар ретінде қатысуы ұлттық тәжірибені ілгерілетуге, әлемнің жетекші авиациялық және шекаралық ведомстволарымен кәсіби өзара іс-қимылды кеңейтуге және еліміздің халықаралық авиациялық қоғамдастықтағы ұстанымдарын одан әрі нығайтуға ықпал етеді.
Осыған дейін Астананың ИКАО-ның авиациялық қауіпсіздік жөніндегі маңызды алаңына айналатыны туралы жаздық.