Кәсіпорынның болжамына қарағанда, ертең, 10 сәуір күні Абай облысында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, өңірдің батысы, солтүстігі мен орталығында бұршақ түсіп, екпінді жел күтіледі. Жел оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысып, түнде облыстың оңтүстік-батысы мен орталығында секундына 15–20 метрге жетеді, күндіз солтүстік, шығыс және орталық бөліктерінде екпіні 23–28 метрге дейін күшейеді. Облыстың оңтүстігінде өрт қаупі сақталады.
Атырау облысында түнде жаңбыр мен найзағай болжанады, күндіз өңірдің шығысы мен оңтүстігінде өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Алматы облысының батысы мен оңтүстігінде түнде жаңбыр жауып, найзағай болады, таулы аудандарда кей тұста жауын-шашын күшейіп, жаңбыр аралас қар жаууы мүмкін. Күндіз облыстың оңтүстігі мен таулы аймақтарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Жел оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысып, солтүстік, шығыс және таулы өңірлерде екпіні 15–20 м/с жетеді. 10 сәуірде облыстың солтүстігі, батысы және оңтүстігінде өрт қаупі жоғары.
Ақтөбе облысының батысы мен солтүстігінде түнде және таңертең тұман түседі. Жел оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа ауысып, кей жерлерде екпіні 15–20 м/с болады.
Ақмола облысының солтүстігінде түнде және таңертең жаңбыр аралас қар жауып, көктайғақ болады. Өңірдің батысы, орталығы мен шығысында тұман түседі.
Шығыс Қазақстан облысында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, өңірдің солтүстігі мен шығысында нөсер күшейіп, бұршақ пен екпінді жел болады. Жел оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа ауысып, кей жерлерде екпіні 25 м/с дейін жетеді.
Жамбыл облысының таулы аудандарында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Өңірдің оңтүстігі мен таулы өңірлерінде тұман түсуі ықтимал. Желдің жылдамдығы таулы аймақтарда 15–20 м/с жетеді. Облыстың батысында өрт қаупі жоғары болады.
Жетісу облысының оңтүстігі, шығысы, орталығы және таулы аудандарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз шығысы мен таулы өңірлерінде жауын-шашын күшейіп, екпінді жел тұрады. Желдің екпіні 15–20 м/с жетеді. Облыстың солтүстігі мен оңтүстігінде өрт қаупі жоғары.
Батыс Қазақстан облысының шығыс бөлігінде түнде нөсер жаңбыр күтіледі. Өңірдің батысы, солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман болады. Желдің екпіні күндіз кей жерлерде 15–20 м/с жетеді.
Қарағанды облысының батысы, солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман түседі. Жел оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысып, облыстың шығысы мен оңтүстігінде екпіні 15–20 м/с болады. Батысы мен оңтүстігінде өрт қаупі сақталады.
Қостанай облысының батысы мен солтүстігінде күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Оңтүстігі мен шығысында тұман түседі. Желдің екпіні 15–20 м/с жетеді.
Қызылорда облысының солтүстігі, шығысы және орталығында түнде және таңертең тұман болады.
Маңғыстау облысының солтүстік-батысы мен шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде және таңертең өңірдің солтүстігі мен орталығында тұман түседі.
Павлодар облысында жел шығыстан соғып, күндіз солтүстік бағытқа ауысады, облыстың оңтүстігі мен шығысында екпіні 15–20 м/с жетеді.
Солтүстік Қазақстан облысының шығысы мен оңтүстігінде қар аралас жаңбыр жауады, көктайғақ болады, солтүстігінде аздаған жауын-шашын күтіледі. Оңтүстігі мен батысында тұман байқалады. Желдің екпіні 15–20 м/с жетеді.
Түркістан облысының батысы, оңтүстігі және таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Таулы өңірлерде түнде және таңертең тұман түседі. Желдің екпіні 15–20 м/с жетеді. Облыстың батысы мен солтүстігінде өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.
Осыған дейін Ертіс өзенінде сең жүре бастағаны туралы жаздық.