Еліміздің батысы археологиялық тұрғыда жете зерттелмеген — тарихшы
ОРАЛ. KAZINFORM — Тарих ғылымдарының кандидаты, археология және этнология мамандығы бойынша PhD, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің қауымдастырылған профессоры Мұрат Қалменов сұхбат барысында осылай деді.
— Мұрат Дабылұлы, қазақ мемлекеттілігінің тарихын Жошы ұлысынан — Алтын Ордадан бастауға байланысты не айтар едіңіз?
— Тарихтан мәлім, 1223 жылы Шыңғыс хан Батысқа жорығын бастар алдында Сыр бойында Күлтөбеде үлкен құрылтайға шақырады. Оған өзінің ұлдарынан басқа, әскер қолбасшылары мен нояндары қатысады. Осы құрылтайда Шыңғыс хан бірнеше маңызды мәселерді қозғайды. Біріншісі, 1224 жылы Батысқа әскери жорыққа шығу жоспары туралы. Екіншісі, жаңадан иеленген жерлерді төрт ұлына бөліп беру туралы. Құрылтайдың қорытындысы бойынша үлкен ұлы Жошыға Ертістен Орал тауы мен Еділ өзенінің төменгі саласына дейінгі жерді, Шағатайға Жетісудан Мәуреннахрға дейін, Үгедейге Тарбағатай мен Шығыс Қытайды, ал кенжесі Төлеге Моғолстанға ие болып қалуды тапсырады.
Кейін Шыңғыс ұрпақтары және нояндары мен ақсүйектері Талас өзені бойында болған құрылтайда Шағатай мен Үгедейге тиесілі жерлерді Ұлы Ұлысқа немесе Алтын Ордаға қосып, тәуелсіз жеке мемлекет құрылғанын жариялайды. Бұл мемлекет бүкіл Шығыс Еуропа мен Азияны бағындырып, 300 жылдай билік жүргізген.
Қазіргі тәуелсіз, кең байтақ қазақ жері кезінде Жошы ұлысы — Ұлы Ұлыс — Алтын Орда деп аталған мемлекеттің жалғасы деуге толық болады. Бұл мемлекеттің алғашқы ханы болып Жошы бекітіледі. Алғашында ұлыс орталығы Ертіс бойы болса, кейін Ұлытауға ауысады. Жошы хан бар болғаны 4 жыл билік құрды.
— Жошы ханнан кейін кімдер таққа отырды?
— 1227 жылы Жошы мезгілсіз қайтыс болғаннан кейін Мөңке ханның кезегі келеді. Одан соң таққа отырған Бату хан орталықты Жайықтың бойына көшіріп, Бату Сарайы деп аталған қала тұрғызады. Қаланың әдемілігі, сұлулығы туралы сол жылдары шет елдерден келген саяхатшылар құнды деректер жазып кеткен. Сарайдың төрт жағындағы мұнарасы алтын жалатылып тіктелген, күннің көзіне жарқырағаннан кейін ол жерді «Алтын Орда» деп атайды. Кейін орыс тарихшылары осы атауды өз еңбектерінде кеңінен қолданып, тарих саласына еніп кетті.
Батудың өлімінен кейін таққа келген Берке хан мемлекет жерінің үлкеюіне байланысты Еділ бойынан Берке деген сарай-қала салдырады. Ол да атақты зәулім қала болған деген деректер мен мәліметтер бар. Бірақ мемлекет ыдырағаннан кейін Бату мен Берке тұрғызған қалалар жермен-жексен болып, қазіргі таңда ол нысандардың тек қирандылары қалған. Бұл мемлекеттерді тарихтың жадынан жоқ қылу үшін сол кездегі орыстың патшалары мен шенеуніктері аталған қалаларды жоспарлы түрде жойған. Біршама тарихи уақиғалардың нәтижесінде Ұлы Ұлыс мемлекеті ыдырағаннан кейін оның орнына бірнеше мемлекет пайда болды.
Атап айтқанда, Астрахан хандығы, Ақ Орда, Қазан хандығы, Қасым хандығы, Ноғай Ордасы, Қырым хандығы, Сібір хандығы сияқты дербес мемлекеттер қалыптасады. Олардың қатарында Қазақ хандығы да болды. Қазіргі Жамбыл облысы Мойынқұм жерінде қазақ сұлтандары Керей мен Жәнібек қазақ хандығының туын тіккен. Бұл жаңадан қалыптасқан елдер адамзат тарихында өздерінің елеулі іздерін қалдырды. Уақыт өте келе Қазақ хандығы орта ғасырлардағы мемлекеттер арасында өзінің абыройлы орнын иеленгеніне тарих куә. Түптеп келгенде, қазіргі біздің мемлекетіміздің іргетасы сол Жошы ұлысы ыдырағаннан кейін қаланғанын мойындауымыз керек.
— Жайық өзені бойында орта ғасырлар кезеңінде қалалық мәдениет болған ғой?
— Жаңа айтып өткенімдей, ХІІІ ғасырда Еуразияның кең өлкесінде, Дунайдан бастап Ертіске дейінгі аралықта Жошы мемлекеті құрылып, тарихи аренаға шықты. Мемлекетті басқару үшін оның ішінде әкімшілік билік орындарына қоса, сауда мен қолөнер өндірісі дамыған қалалар болуы керек.
Осы кезеңде Жайық пен Еділ өзендері аралығында ірі орталықтар — Сарай Бату, Сарай Берке, Сарайшық сияқты қалалар пайда болды. Әрине, бұлардан басқа да кішігірім елді мекендер мен қалалар өмір сүргені бізге белгілі. Мұндай мекендер сауда-саттық, өндіріс және тағы басқа қызметтерді атқарды. Ұлы Ұлыс дәуірінде жаңадан пайда болған қалаларды империяның әр жерінен шыққан ұста-шеберлер тұрғызды, сондықтан олардың мәдениеті ортағасырлық Орыс елі, Орта Азия, Қырым, Кавказ, Парсы, Сібір халықтарының және басқалардың салт-дәстүрімен араласып кеткені мәлім.
Қазіргі таңда ғалымдарда Қазақстанның Батыс өңірінде орта ғасырлардағы қала мәдениеті болғаны туралы сеніммен айта алатын материалдары жеткілікті. Соңғы жылдары мұндай ескерткіштерде ауқымды қазба жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде Қызылқала, Кетікқала, Сарайшық, Ақтөбе-Лаэти, Жайық қалашықтарын айтып өтсек болады.
Зерттеушілердің ғылыми қорытындысына тоқталсақ, онда Жайық өзенінің жағалауында орта ғасырларда 40-қа жуық қала болған. Өкінішке қарай, еліміздің батыс өңірлері археологиялық жағынан жете зерттелмеген. Олай айтуымның себебі, ортағасырлық және жаңа заманның картографиялық және жазба деректерінде осы өңірде орта ғасырларда қалалық мәдениет жоғары дамыған. Қаншама қала, керуен сарайлар, ірі ғибадат орындары және басқа да нысандар болған. Сонымен қатар жер-су атауларының этимологиясына да назар аудармай болмайды, өйткені ол атаулар тектен-текке қойылмаған. Қазір бізде тек орыс атаулары сақталған, ал, олар бұл жерлерді кейінгі ғасырларда ғана мекендеген. Оған тарихи дәлелдер жетерлік.
— Орал қаласы маңынан табылған Жайық қалашығынан аспан астындағы ашық музей жасау мәселесі көптен көтеріліп келеді. Бұл мәселеге не қосар едіңіз?
— Әрине, қазір ХХІ ғасырда ғылым мен технологияның қарқынды дамыған заманы, тек бір жасанды интеллекттің күшін көз алдымызға келтірудің өзі қорқынышты. Осындай кезеңде адамзаттың озық жетістіктерін ғылымды зерделеуге, соның ішінде ежелден сақталған материалдық құндылықтарымызды дәріптеуге пайдалануымыз керек.
Қаламыздың іргесінде орналасқан Жайық қалашығы өте тамаша нысан, өйткені оны зерттеу мен ескерткіштерді қайта реконструкциялау өңірімізге елімізге өте тиімді. Ашық аспан асты музейін жасау — ең алдымен төл тарихымызды зерттеп, тарихтың белгісіз парақтарын жариялау, бұл өз кезегінде жергілікті жастардан небір мықты мамандар дайындауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге ұлттық идеология мәселесіне де тікелей байланысты, өйткені қазіргі геосаяси жағдай баршамызды ойландырады.
Біздің өңіріміз Батыс мен Шығысты байланыстырып тұр, бұл тек экономикалық қарым-қатынас қана емес, сонымен қатар мәдени, әлеуметтік, туыстық байланыс, ол өз кезегінде әр түрлі көзқарастарды қалыптастырады. Міне, осындай мәселелердің паритетін ұстау үшін мұндай нысандардан музей жасап, өңірге келген адамдардың көзіне бірден шалынатындай көрікті орынға айналдыру аса маңызды.
— Сіздіңше, археология саласында қандай жобаларды қолға алу керек?
— Тағы да айтайын, Батыс өңірінде материалдық мәдениет өте төмен деңгейде зерттелген. Меніңше, мемлекеттің тікелей қолдауымен арнаулы мекемелер құрылып, көпжылдық жобалар қолға алынып, жүйелі түрде зерттелуі керек. Әрине, мұндай ауқымды жобаларды іске асыру үшін мамандар керек. Егер мемлекет тарапынан жақсы қолдау болса, онда жергілікті жоғары оқу орындары мұндай мамандарды дайындап шығара алады.
Қорыта айтқанда, көне нысандар археологиялық тұрғыда жан-жақты зерттелуі керек. Еліміздің тарихына қатысты ежелгі жәдігерлердің әлі де жер астында жатуы әбден мүмкін. Міне, соның бәрін мүмкіндігінше жарыққа шығару, содан кейін мемлекет қамқорлығына алу — біздің абыройлы борышымыз.