Ведомствоның хабарлауынша, цифрлық технологиялар, өндірісті автоматтандыру мен роботтандыру мұнай-газ саласындағы еңбекке және мамандардың біліктілігіне қойылатын талаптарды біртіндеп өзгертіп жатыр.
– Қазақстанның жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласында мұнай-газ саласының геологиялық барлаудан бастап, өндіру, тасымалдау, сақтау және мұнай мен газды өңдеуге дейінгі барлық бағыты зерттелген. Салалық зерттеу нәтижелері бойынша 37 жаңа, 7 өзгеретін және 13 жойылып бара жатқан кәсіп анықталды, - делінген жауапта.
Саладағы өзгеріске өндірісті автоматтандыру, жабдықтарды қашықтан басқару, ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану, үлкен деректерді талдау, машиналық оқыту және жасанды интеллект технологияларын енгізу әсер етіп жатыр.
Сонымен қатар мұнай-газ саласында цифрлық және адам қатысуын барынша азайтатын кен орындарына көшу, кен орындары мен мұнай өңдеу зауыттарының цифрлық модельдерін жасау көзделген.
Министрлік дәстүрлі мамандықтар толығымен жойылып кетпейтінін де атап өтті. Алдағы жылдары олардың атқаратын жұмысы мен мамандарға қойылатын талаптар өзгеруі мүмкін. Осыған байланысты сала қызметкерлерін қайта даярлау және олардың цифрлық дағдыларын дамыту маңызды бағыттардың біріне айналып отыр.