Еліміздің ірі қалаларында бонд қоймалары орналастырылмақ

Еліміздің ірі қалаларында бонд қоймалары орналастырылмақ. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: primeminister.kz

«Теңіз арқылы жеткізілетін жүктердің бір бөлігін автокөлікке аудару және оны тасуда отандық операторлардың үлесін ұлғайту үшін келесідей шаралар жоспарлануда. Олар: бонд қоймаларын ұйымдастыру; өткізу пункттерінің қабілеті мен отандық көлік құралдарының паркін ұлғайту, сондай-ақ рұқсат бланкілерін бөлудің тиімді жүйесін енгізу», - деді ол.

Вице-министрдің атап өтуінше, бонд қоймалары басқа қоймаларға қарағанда бірқатар артықшылыққа ие. Оларда импорттық тауарды кедендік рәсімдерсіз, салық төлемей, сұрыптап, топтап ұзақ уақыт сақтауға болады.

«Озон және Вайлдберриз сияқты халықаралық маркетплейстердің қызығушылығын ескере келе, аталған қоймаларды еліміздегі ірі қалаларда орналастыруды орынды деп есептейміз. Бонд қоймаларын дамыту үшін олардың қызметін заңнамалық деңгейде нақты реттеу қажет. Бұл жұмыстарды мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп іске асыратын боламыз», - деді Сәтжан Аблалиев.