Жамбыл облысында ТЖД қызметкерлері прокуратура, жергілікті атқарушы органдар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен бірлесіп, Тараз қаласының су айдындарында рейдтік іс-шаралар өткізді. Профилактикалық жұмыс барысында тұрғындарға судағы қауіпсіздік қағидалары ескертілді, сондай-ақ тыйым салу белгілеріне түгендеу жүргізіліп, оларды орнату жұмыстары атқарылды. «Зербұлақ» демалыс аймағында жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мен Апаттар медицинасы орталығының мамандары алғашқы көмек көрсету және суға батып бара жатқан адамды құтқару бойынша тәжірибелік сабақтар ұйымдастырып, төтенше жағдай туындаған кездегі іс-қимыл алгоритмін көрсетті.
Түркістан облысында өңірдің су айдындарында туристік полиция, шекара қызметі, Ұлттық ұлан, волонтерлер және құтқарушылардың қатысуымен бірлескен патрульдеу жұмыстары жүргізілді. Акцияға қатысушылар демалушылармен профилактикалық әңгімелер өткізіп, жадынамалар таратып, судағы қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін еске салды.
Шымкент қаласында «Рахат-Бадам» демалыс аймағында қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Мұнда жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметкерлері мен еріктілердің қатысуымен ауқымды профилактикалық акция өткізілді. Азаматтарға су айдындары маңында қауіпсіз демалу қағидалары, балаларды үнемі бақылауда ұстау қажеттігі, мас күйінде шомылуға жол бермеу және төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл тәртібі түсіндірілді.
Шығыс Қазақстан облысында Новостройка ауылы маңындағы Бұқтырма су қоймасының Самар жағалауында маусымдық құтқару бекеті өз жұмысын бастады. Жазғы кезең бойы мұнда жедел-құтқару жасағының қызметкерлері, өрт сөндіру бөлімшелерінің мамандары және Қасым Қайсенов атындағы № 68303 әскери бөлімінің екінші құтқару батальонының әскери қызметшілері кезекшілік атқарады. Бекет оқиғаларға жедел әрекет ету үшін қажетті техникамен және жүзу құралдарымен жабдықталған. Патрульдеу катер мен гидроциклдің көмегімен жүзеге асырылады, сондай-ақ ұзындығы шамамен 110 шақырымды құрайтын жағалау бойында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына мониторинг жүргізіледі.
Алматы облысында ТЖД қызметкерлері өңірдегі барлық су айдынында күндізгі және түнгі уақытта күн сайын профилактикалық рейдтер жүргізіп жатыр. Ерекше назар Қапшағай су қоймасы мен Көлсай көлдерін қоса алғанда, жаппай демалыс орындарына аударылып отыр. Бақылау тиімділігін арттыру мақсатында квадроциклдер, ұшқышсыз ұшу аппараттары және кинологиялық есептоптар пайдаланылады. Сонымен қатар балаларды сауықтыру лагерьлерінде де профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, судағы қауіпсіз мінез-құлық қағидалары бойынша әңгімелер мен нұсқамалар өткізіледі. Шомылу маусымы 1 маусымда басталғанына қарамастан, Алматы облысында су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін 43 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп, қажетті рұқсат құжаттары мен тіркеу нөмірлерінсіз пайдаланылған бес шағын көлемді кеме арнайы тұраққа қойылды.
Қазақстан ТЖМ қарапайым қауіпсіздік қағидаларын сақтау, балаларға мұқият қарау және қауіпті әрекеттерден бас тарту қайғылы жағдайлардың алдын алып, адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретінін еске салады.