Елімізге белгілі өнер майталмандары Ташкент төрінде концерт берді

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының ұжымы гастрольдік сапармен Өзбекстан астанасына келіп, концерт берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

«Достық жыры» атауымен өткен концертті тамашалауға жиналған халықтың қарасы қалың. Концертте Айтқали Жайымов, Светлана Айтбаева, Анар Мұздаханова және Нұрлан Бекенов сынды елімізге белгілі мәдениет қайраткерлері өнер көрсетті. 

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

«Бауырлас елдермен қарым-қатынас тығыз болуы керек. Түбі бір түркі халықтарымыз, тиісінше біздің мәдени байланыстарымыз үнемі нығайып отыруы тиіс. Сондықтан біз бұл концертті бұрыннан жоспарладық. Ташкент тұрғындары мен қонақтарына қазақтың классик композиторларының туындыларын алып келдік. Атап айтқанда, Н.Тілендиев, А.Жұбанов, М.Төлебаевтың шығармалары шырқалды», - деді дирижер, композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов.

Қазақтың әні мен күйін сағынып, концертке жиналған көрерменнің қошеметі ерек, өнерге деген құрметі жоғары. 

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

«Көрерменнің ықыласы мен қошеметінен өнерге деген құрметті көрдім. Қазақ өнеріне, әні мен күйіне деген сағыныш сезіледі. Біз әуелден ауылы аралас, қойы қоралас елдерміз. Бір-біріміздің жеңісімізге тілекші, қуанышымызға ортақтасып жүрген қос мемлекеттің арасындағы осындай жоғары деңгейдегі қарым-қатынас өнер саласында да көрініс беріп отыр», - деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева.

Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясындағы қазақ оркестрінің басшысы Сабыржан Сейілханұлының айтуынша, өнер ұжымы алдағы уақытта Өзбекстанның өзге де өңірлерін аралап, концерт беруді жоспарлап отыр. 

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

«Біздің мақсат – екі ел арасындағы мәдени байланыстарды тереңдете түсу. Өзбекстан астанасында өтіп жатқан концертке филармония ұжымынан 65 адам келді. Бұл іс-шараны бастама ретінде қарастырып отырмыз, алдағы уақытта Самарқан, Бұхара сияқты қалаларға гастрольдік сапармен бару жоспарланып отыр», - деп тоқталды Сабыржан Сейілханұлы.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Бүгінде екі ел арасындағы мәдени байланыстар нығайып келеді. Атап айтқанда, бұған дейін де қос мемлекеттің түрлі деңгейдегі өнер ұжымдары бір-біріне гастрольдік сапармен барған болатын. Осы ілкімді істің ізін жалғап, келер жылы Өзбекстанның мемлекеттік филармониясы Қазақстан астанасында концерт бермек. 

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Қоса кетсек, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени қарым-қатынасты нығайтуға үлес қосқан бірқатар тұлға «Құрмет» және «Достық» ордендерімен марапатталды.