Елімізге келген шетелдік туристер санағы қалай жүргізіледі

Фото: Фото: ҚР СІМ

АСТАНА. KAZINFORM – Былтыр елімізге әртүрлі мақсатта 15,3 млн шетелдік қонақ келген. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлім етті.

- Үкімет деңгейінде қабылданған шаралар нәтижесінде өткен жылдың қорытындысы бойынша туристік сала тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Ішкі туристер саны 10,5 млн адамды құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 900 мыңға артты. Жалпы, елімізге әртүрлі мақсатта 15,3 млн шетелдік қонақ келген. Бұл жерде жұмыспен немесе тұрақты тұруға келгендер есепке алынбағанын ескерген жөн, - деді Ербол Мырзабосынов Үкімет үйінде.

Министрдің есебінше, былтыр шетелден келген 15,3 млн қонақтың ішінде 10,4 млн адам елімізде 1 күннен астам уақыт өткізген.

- Біз оларды шетелдік туристерге жатқызамыз. Демалуға, делегаттар, достарына немесе туыстарына келген қонақтардың барлығы дерлік туристер есебіне алынады. Себебі олар елімізге келіп, орналастыру орындарын, тамақтану, көлік және басқа да қызметтерді пайдалана отырып экономикаға оң әсер береді. Алайда статистика бойынша аталған 10 миллион туристің 9 миллионы орналастыру орындарында тіркелмеген, - дейді ол.

Осы орайда шетелдік қонақтарды есепке алу Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің статистикасы бойынша, ал ішкі туризм туралы деректер орналастыру объектілерінің есебі негізінде қалыптастырылады.

- Туристік ағынды дәл бағалау үшін Ұлттық статистика бюросына ұялы байланыс операторларының деректеріне қол жеткізуін қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар оның экономикалық үлесін талдау үшін банк карталарының транзакциялары негізіндегі туристердің шығындары туралы ақпарат қажет. Туристерді тіркеудің тағы бір тәсілі «eQonaq» ақпараттық жүйесі болып саналады. Жүйе көші-қон бақылауы және туристер ағымын талдау үшін құрылды. Жүйені енгізу арқылы келесідей маңызды өзгерістер жасалды,- деп толықтырды ведомство басшысы.

Бұған дейін Ербол Мырзабосынов елімізде қонақ үй жүйесіне реформа жүргізілетінін айтқан еді.