Елімізге шетелден әкелінген өнімдерден қауіпті карантиндік объектілер анықталды

AСТАНА. KAZINFORM - Карантиндік фитосанитариялық бақылау барысында ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің мемлекеттік инспекторлары импортталатын ауыл шаруашылығы өнімдерінен карантиндік объектілерді анықтап, фитосанитариялық заңнама талаптарының бұзылғанын тіркеді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.

Фото: АШМ

Атап айтқанда, Алматы облысында Қырғыз Республикасынан әкелінген салмағы 8 690 кг айсберг салатынан батыс гүл трипсі, ал Ресей Федерациясынан жеткізілген 840 тонна жұмсақ бидайдан жатаған у кекіре анықталды.

Ақмола облысында зертханалық сараптама нәтижелері Ресейден әкелінген жалпы көлемі 490 тонна және 478,8 тонна болатын бидайдың екі легінен жатаған у кекіренің, сондай-ақ далалық және еуропалық арамсояудың бар екенін растады. Ақтөбе облысындағы «Әлімбет» фитосанитариялық бақылау бекетінде Ресей Федерациясының Орынбор облысынан жеткізілген 114,9 тонна зығыр тиелген төрт автокөлік тексерілді. Зертханалық сараптама нәтижесінде өнімнен жатаған у кекіре анықталды.

Осындай карантиндік объект Батыс Қазақстан облысындағы «Шаған» бекетінде Ресейден әкелінген 70 тонна азық-түлік арпасының партиясынан да табылды. Сонымен қатар Абай облысындағы «Бақты» фитосанитариялық бақылау бекетінде Қазақстан аумағына үшінші елдерден алма әкелуге қатысты қолданыстағы уақытша тыйымның бұзылуына жол берілмеді.

Осыған байланысты Қытай Халық Республикасынан әкелінбек болған 1 127 кг алма ел аумағына кіргізілмеді. Анықталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданды.

Импорттаушыларға қатысты әкімшілік істер қозғалды. Ақтөбе облысында тіркелген құқық бұзушылыққа қатысты материалдар сотқа жолданды. Ақмола облысында кәсіпкерлерге астықты механикалық жолмен тазарту және тазарту барысында алынған қалдықтарды кейіннен жою жөнінде міндетті нұсқамалар берілді.
Карантиндік объектімен залалданған арпа легі және заңнамалық талаптарды бұза отырып әкелінген алма экспорттаушы елдерге кері қайтарылды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздің фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ аумағына қауіпті карантиндік объектілердің енуі мен таралуына жол бермеу бағытындағы жұмыстарды жалғастырады. Карантинге жатқызылған өнімдерді ел аумағына әкелу кезінде фитосанитариялық талаптардың сақталуы уәкілетті органдардың тұрақты бақылауында.

Биыл карантиндік фитосанитариялық бақылау барысында 1 377 заң бұзу анықталғанын жазған едік.