Президент бұл бағытта жүйелі шаралар қолға алынуда, нақты жұмыс жүргізіліп жатқанын еске салды. Соның арқасында білім саласын таңдаған жастардың қатары көбеюде.
— Бұл жақсы үрдіс. Биылдың өзінде мектеп бітірген 12 мыңнан астам түлек педагогикалық мамандық бойынша мемлекеттік грант иегері атанды. Олардың 2 мыңнан астамы — мектепті «Алтын белгімен» бітіргендер. Дегенмен кадр мәселесін түпкілікті шешу үшін әлі де біраз шаруа атқарылуға тиіс. Елімізге тағы да 5 мыңнан астам мұғалім керек. Себебі халық саны тұрақты түрде артып келеді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Соңғы жылдары салынып жатқан мектептердің саны да едәуір көп. Осы жағдай педагог мамандарға деген сұранысты арттырып отыр. Бұл мәселе бойынша министрлік тың тәсілдер ұсынуға тиіс.
Айта кетейік, елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен педагогтердің Тамыз конференциясының пленарлық отырысы өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен 600-ден астам білім саласының қызметкерлері мен еңбек ардагерлері қатысты.
Қазақстанда 2019 жылдан бері 511 жаңа ауыл мектебі салынған.
Елімізде ауыл мен қала оқушылары арасындағы білім алшақтығы 5 балға қысқарған.
Сондай-ақ Жаңа Конституция білім беру саласына жаңа міндеттер жүктеп отыр.