«Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ірі көлік апаты салдарынан зардап шеккендерге шұғыл түрде қан тапсыру қажеттігі туралы жалған ақпарат тарап жатыр. Осыған байланысты пациенттерге сапалы ем-дом көрсету үшін барлық қажетті заттар клиникада бар екенін ресми түрде жариялаймын. Бұл тұрғыда дүрбелең тудырудың реті жоқ», - делінген қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева мәліметінде.
Айта кетейік, Елордадағы ірі көлік апаты бойынша полиция тергеу амалдарын бастады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, елордадағы жантүршігерлік көлік апатынан зардап шеккендер саны 27-ге жетті.
Еске салсақ, 26 наурыз күні Ұлы Дала мен Қабанбай батыр даңғылы қиылысында үш автобустың және жеңіл көліктердің қақтығысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Қала маңы бағдарындағы № 301 автобус № 12 бағдардағы жолаушылар автобусымен соқтығысты. Осының екпінімен олар № 53 автобусқа және жедел жәрдем көлігіне барып соғылды.