Елорда әкімдігі LRТ құрылысын тоқтату себебін айтты

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда әкімдігі LRТ желісінің құрылысын уақытша тоқтатуға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде LRT көлік жүйесінің құрылысы бойынша алғашқы кезеңнің жұмыстары аяқталды. Қазіргі кезде кезекті қаржылай траншты аудару бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылып отыр.

«Қазақстан мен Қытай арасындағы келісімге сәйкес, аталған жоба Қытайдың Мемлекеттік даму банкі есебінен қаржыландырылады. Бүгінде құрылыс жұмыстарының бір бөлігі аяқталды. Оған бөлінген қаржы да игерілді. Енді, қытайлық консорциум мен Қытайдың Мемлекеттік даму банкі арасында кезекті траншты бөлу бойынша келісссөздер жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты жобаны қаржыландыру уақытша тоқтатылып отыр. Бұдан бөлек, әкімдік Үкіметпен бірлесе отырып, ішкі қаржы көздері есебінен жобаны ары қарай іске асыру жолдарын қарастыруда», - дейді баспасөз қызметінің мамандары.

Еске салайық, бүгін Үкімет отырысында онлайн режімде есеп берген Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов LRT желісінің құрылысы уақытша тоқтатылғаны туралы айтты.

Соңғы жаңалықтар