Елорда әкімдігі жекеменшік компаниямен балабақша салу туралы келісімді бұзды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астананың білім басқармасы жеке компаниямен жасалған балабақшалар салу туралы келісімнің күшін жойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасы бастығының міндетін атқарушы Нариман Еламанов қалалық мәслихатттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында айтты.

«2017 жылы елорданың білім басқармасы мен «TERMO-KLIMA MK» ЖШС арасында келісімшарт жасалған болатын. Алайда, 2017 жылдың шілдесінен бастап бүгінгі күнге дейін жеке серіктес бір де бір балабақша салған жоқ», - деді Нариман Еламанов.

Осылайша компаниямен арадағы шарт бұзылған. Енді осы жоба бойынша мемлекеттің міндеттемелері туралы мәслихат шешімдеріне өзгерістер енгізу қажет көрінеді.

Аталған шарада білім беру объектілері не берілетін мемлекеттік міндеттеме төлемдерін қайта қарау туралы шешім қабылданған болатын.

«Есіл ауданында жаңа мектептер пайдалануға беріліп, 1 қыркүйектен бастап өз жұмысын бастады. Осыған байланысты нысандарды пайдалану мерзімі 66 айдан 60 айға дейін өзгертілді. Тиісінше, мемлекеттік міндеттемелер бойынша төлем кестесі қайта қаралды», - деді әкімдік өкілі.