Елорда әкімдігінде Халыққа қызмет көрсету орталықтарының мәселелері қаралды

АСТАНА. Қазанның 8-сі. ҚазАқпарат - Бүгін елорда әкімдігінде «Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасы: проблемалар және оларды шешу жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Астана мен Алматы қалаларының, сондай-ақ облыс әкімдіктері аппараттарының лауазымды өкілдері бас қосқан алқалы жиын барысында осыдан 9 ай бұрын әкімдіктердің қарауына берілген Халыққа қызмет көрсету орталықтарының өзекті мәселелері талқыға түсті. Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы өз қызметтерін көрсететін мемлекеттік органдардың стандарттарды сақтау, сондай-ақ аталған мекеме қызметкерлерінің жалақысының төмендігі де назардан тыс қалмады.

Астана қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Асқар Рақымжановтың айтуына қарағанда, елорда әкімдігі Әділет министрлігімен құжаттау бойынша қызметтер көрсету барысында әділет департаментіне ХҚКО мамандарын іссапарға жіберу туралы меморандумға қол қоюға ниеттеніп отыр. Бұндай қадам ХҚКО-ларда кезектің ұлғаюына жол бермейді.