Елорда әкімі Астана қаласының аумағында орналасқан түрмені көшіруді ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының аумағында орналасқан түрмені көшіру қажет. Бүгін ҚР Бас прокуратурасында өткен Заңдылықты қамтамасыз ету, құқықтық тәртіп және қылмыспен күрес жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов осындай ұсыныс айтты.

«Астана аумағында түзеу мекемесі орналасқан. Бұл менің ойымша, елорда үшін қауіпті нысан. Бұл қаладан оқшауланған аумақта емес, керісінше, базарға тақау орналасқан. Ал базар аумағының өзі криминогендік ахуалды аймақ саналады», - дейді қала әкімі.

Бұл ретте И. Тасмағамбетов 2005 жылы Өзбекстанның Әндіжан қаласындағы түрме мекемесінде жаппай тәртіпсіздік орын алғанын мысалға алып, мәселенің төркінін «жаман айтпай жақсы жоқ» дегенге келтірді.

«Бұл мекемені қала аумағынан көшіру керек. Үкімет алдына да осыны қойып отырмыз. Үйлестіру кеңесінің де қолдауы маңызды», - деді И. Тасмағамбетов.