Елорда әкімі жаңа скейтбақ салу мәселесін қарауға уәде етті

АСТАНА. 25 қараша. ҚазАқпарат - Елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов көше спорты скейтбордингпен әуестенушілерге қолдау білдіруге ниетті екендігін жеткізді.

Ол қала билігі Астанада скейтбақ салу туралы мәселені қарастыратындығын мәлімдеді.

«Қалада жабық жаңа скейтбақ салу келесі жылға жоспарланбаған. Дегенмен оларды кеңейту мәселесі таяу болашақта қарастырылатын болады», - деп жазды ол өз блогында.

Осы спорт түрімен айналысуға және шеберлігін шыңдауға арналған арнайы алаң «Қазақстан» спорт сарайының маңына жасалған. Сонымен қатар түрлі мереке күндері елорда жұртшылығы мен қонақтар көп жиналатын орындарда және «Думан», «Хан шатыр» орталықтары аумағында арнайы алаңдар да құрылады.