Елорда әкімдігі екі деңгейлі жолайрық салу жобасына қатысты түсінік берді

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Астана қаласының әкімдігі Н. Тілендиев даңғылы мен Ш. Бейсекова көшесінің қиылысында екі деңгейлі жолайрық салу жобасын аяқтауға қатысты түсінік берді.

Фото: Әділет Бірімқұлов/ Kazinform

Қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Мадияр Тұқпатовтың айтуынша, «Н. Тілендиев даңғылы мен Ш. Бейсекова көшесінің қиылысында екі деңгейлі жолайрық салу» жобасы аясында құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

- Көпірдің металл конструкциясы толықтай монтаждалды. «Астықжан» сауда үйі жағынан асфальт төсеу жұмыстары аяқталды. Сейфуллин көшесі жағында қазіргі уақытта жол төсемін төсеу және асфальт төсеуге негіз дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Инженерлік коммуникацияларды тарту бойынша негізгі жұмыстар толық аяқталды. Атап айтқанда, сумен жабдықтау, тұрмыстық және нөсер кәрізі, жылу желілері және байланыс желілері салынды, - деді М. Тұқпатов.

Оның сөзіне қарағанда, осы жылдың қазан айының соңына дейін негізгі жолға асфальт төсеу жұмыстарын аяқтап, Бейсекова көшесі арқылы Тілендиев даңғылының үстімен автокөлік қозғалысын қамтамасыз ету жоспарланған.

- Сонымен қатар, Тілендиев даңғылы бойынша асфальт төсеу жұмыстарын осы аптының соңына дейін аяқтап, автокөлік қозғалысын толық ашу жоспарланып отыр, - деді басқарма өкілі.

Бұған дейін Астанада Тілендиев даңғылының бір бөлігі 10 күнге жабылғанын жазған едік.