Елорда апаттан зардап шеккен Көкпекті ауылына гуманитарлық көмек жөнелтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы Көкпекті ауылында орын алған апатты жағдай бүкіл Қазақстанды жұмылдырды.

Соның ішінде Астана қаласының әкімдігі алғашқылардың бірі болып көмек қолын созып, су тасқынынан зардап шеккендерден қажетті тауарлар тізімін сұратқан болатын. Осыған орай, алдағы уақытта 20 тоннадан астам тауарлар елордадан Көкпектіге жөнелтілмек. Бұл туралы Астана қаласы әкімі аппаратының баспасөз қызметінен хабарланды.

«Тасқынның салдарын жоюға мыңнан астам адам жұмылдырылғаны белгілі. Қазіргі уақытта 102 үйдің суы сорылып, 40 үй мен аула тазартылды. Бүгінгі таңда табиғат апатынан жапа шеккен қарағандылықтарға Астанадан бірінші кезектегі аса қажетті тауарлар жөнелтілгелі отыр. Тауарлар ішінде киім-кешектермен қоса, күнделікті қажетті заттар жиынтығы, сондай-ақ жылытқыш жабдықтар бар», - делінген баспасөз баянында.

Хабарламаға қарағанда, ауыл тұрғындарының көкөніс қорларын сақтаған жертөлелері мен жерқоймаларын су басқандықтан, Астанадан алдағы уақытта картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз секілді тауарлар мен азық-түліктер жөнелтілмек.