Елорда аудандарының әкімдері соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 29 желтоқсанда, дүйсенбі күні Астана қаласындағы Алматы, Сарыарқа және Есіл аудандарының әкімдері Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетіп, ҚР Президентінің атынан құттықтаулар және мерекелік сыйлықтар тапсырады. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Бәйтерек» халықаралық медиаорталығы хабарлады.

Жаңа жыл қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстанда ардагерлерді қолдаудың Жалпыұлттық акциясы өтуде. Бұл бірегей шара және ТМД-ның бірде-бір елінде теңдесі жоқ. Акция ауқымында республиканың барлық облыстарының, қалалардың және аудандардың әкімдері ардагерлерге арнайы барып, Мемлекет басшысының атынан келе жатқан мерекемен құттықтап, жаңажылдық сыйлықтар тапсыруда. Сөйтіп, республикамызда тұратын Ұлы Отан соғысының 5 115 қатысушысының әрқайсысы Президенттің атаулы құттықтауына ие болады.