Елорда әуежайында «Эйр Астана» компаниясының ұшағы ақау салдарынан Әбу-Даби бағытына ұшпай қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сейсенбі күні, яғни бүгін кешке «Астана-Әбу-Даби» бағыты бойынша EY5893 рейсімен ұшуы тиіс «Эйр Астана» компаниясының Боинг-767 ұшағы елорданың әуежайынан ұшып кете алмады.

«Ұшақ Астана уақыты бойынша сағат 20:35-те әуеге көтерілуі тиіс болатын, алайда бір сағат бойы оны оталдыру мүмкін болмады. Двигатель оталғандай шу естілгенімен, салонда артынша жарық сөніп қалды. Сағат 21:40-та жолаушылардан ұшақтан түсулерін өтінді. Қазір біз әуежайдамыз, бізді тамақтандырды. Стюардессалар борт компьютерлері істен шығып қалғанын жеткізді», - деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне жолаушылардың бірі. Қазіргі сәтте 70-тен астам жолаушы Астана әуежайының күту залында отыр. Әуе компаниясының өкілдерінің айтуынша, бірнеше сағаттан соң жолаушылар жоспарлаған бағыттарына ұшып кете алады.