Жаңартылған залдың басты ерекшелігі Mastercard Kazakhstan серіктестігімен Орталық Азия аумағында ашылған алғашқы нысан болуында. Екі айға созылған жаңарту жұмыстаның нәтижесінде залдың аумағы 629 шаршы метрге кеңейіп, бір мезетте 50 адам қабылдай алатын қызмет желісі қалыптасқан.
Залда тіркелу және багажды түсіру алаңы, багаж орау пункті, шылым шегетін бөлме, балалар залы мен жиналыс бөлмесі бар. Coffee BOOM мейрамханалар желісі ұсынатын «Фуршет» жүйесіндегі тамақтандыру қызметін СIP-зал жолаушыларымен бірге оларды шығарып салушы және қарсы алушы адамдар да ақысын төлеп қолдана алады.
«Залды жөндеуге 2 айдай уақыт кетті. Mastercard компаниясының Орталық Азияда жасап жатқан бірінші СIP-залы болып отыр. Бұрынғы залдан ерекшелігі – жиналыс бөлмесі жабдықталды. Mastercard залдары әлемнің 210 елінде бар. Будапешт, Бухарест, Мәскеу, Вена, Прага, Тбилиси, Батуми сияқты туристік қалалардың бәрінде ашылған. Бүгіннен бастап бұл залда қызмет көрсету бастайды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының басқарма төрағасы Ғабит Тәжімұратов.
Нысанның атқару директоры Дәулет Хамзин СІР-залдың ауқымы кеңейіп, қызмет сапасы өзгергенімен, бағасы әзірге өзгермейтінін айтады.
«СIP-залда шығарып салушылар мен қарсы алушыларға арналған өткізу жүйесі бар. Олар залға кірген соң қолдарына прейскурант беріледі. Сондағы баға бойынша залдың қызметін пайдаланып, ауқаттана алады. Ал жолаушылар осы зал арқылы ұшу үшін 15 мың теңге төлеуі керек. Оның ішіне жолаушыларды тіркеу, багажды орау және түсіру, шылым шегетін бөлме, балалар залы мен жиналыс бөлмесі¸ «фуршет» жүйесіндегі тамақтану қызметі кіреді», - дейді әуежайдың атқарушы директоры Дәулет Хамзин.
Жаңартылған залға «сөйлейтін әуежай» типіндегі LED-экрандар орнатылған. Әуежайдың жарнама операторы Арина Рябухинаның айтуынша, бұл экрандар еліміздің көрікті жерлерін жарнамалау арқылы ішкі туризмді дамытуға арналған.
«Бастама аясында біз OpenKZ деп аталатын жобаны қолдауді жөн деп таптық. Жолаушылар белгілі фотограф Валерий Аяповтың елдегі бірегей орындарды түсірген суреттерін QR код арқылы тамашалай алады», - деді Арина Рябухина.