«Санитарлық-карантиндік бекеттерде 1 ауысымда 4 санитарлық дәрігер жұмыс істейді. Олардың басты міндеті – жолаушылардың денсаулығын тексеру. Мамандар – жолаушыларды әуежайға кіргенде бір, шыққанда екінші рет термометриядан өткізеді. Олардың COVID-19 вирусы бойынша зертханалық анықтамасын қарайды. Біз мұнда коронавирус анықталған азамат болса, бірден орналастыруға болатын уақытша оқшаулау бекетін әзірлеп қойдық», - деді Болат Қалмағанбетов әуежайда тілшілерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, әуежайдың медицина қызметкерлері жедел жәрдем келгенше уақытша оқшаулау бекетінде коронавирус анықталған азаматты ұстайтын болады.
«Әуежай қазіргі таңда ішкі қазақстандық рейске үлкен жауапкершілікпен қарайды. Әуежайдың әкімшілігі мен тасымалдаушылар талаптарымыздың бәрін орындады. Алғашқы рейс бойынша жұмыстарды жүргіземіз. Мұнда қызметкерлер тәулік бойы қызмет етеді. Нұр-Сұлтаннан ұшып шығатын жолаушылар үшін терминалға кіреберісте жолаушылардың бәріне санитарлық-карантиндік бақылау жүргізіледі», - деді ол.